Молшылық мәйегі
Қазақ даласының дархандығы – жерінің кеңдігімен ғана емес, топырағынан өнген ырысымен, маңдай термен келген несібесімен өлшенеді. Егінін егіп, өнімін баптаған диқанның еңбегі мен берекелі күздің молшылығы тоғысқан тұста ел дастарқанының сәні артып, шаруаның мерейі үстем болады. Осындай игілікті істің жарқын көрінісіне айналған «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Қызылорда қаласында өз жалғасын тапты.Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, тұрғындарды сапалы әрі табиғи өнімдермен қамтамасыз ету және азық-түлік бағасының қолжетімділігін сақтау мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкенің маңызы зор. Бұл – бір жағынан, дала төсінде төгілген тердің өтеуін көретін шаруалар үшін тиімді сауда алаңы болса, екінші жағынан, тұтынушыларға қажетті азық-түлікті делдалсыз, қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін игі бастама.
Жәрмеңкенің кезекті сауда алаңы Тасбөгет кентінің орталық алаңында құрылып, бұл жолы Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері тұрғындарға ұсынылды. Ақ күріштің отаны саналатын өңірдің шаруалары мол өнімін қала жұртшылығына жеткізіп, жергілікті өндірістің әлеуетін тағы бір мәрте танытты. Сауда орындарына ауданнан 100 жүк көлігімен 170 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл – тынымсыз тіршіліктің, маусымдық еңбектің және туған жердің төсінен алынған берекенің айқын көрінісі.
Жәрмеңке сөрелерінен күнделікті дастарқанның ажарын кіргізетін сан түрлі өнімді кездестіруге болады. Оның ішінде 20 тонна күріш, 50 тонна картоп, 40 тоннадан қарбыз бен асқабақ, 20 тонна қауын және 40 тонна өзге де ауыл шаруашылығы, көкөніс пен бақша өнімдері бар. Табиғи өнімдердің мол қоры тұрғындардың сұранысын өтеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Сыр өңіріндегі шаруашылықтардың әлеуетін де аңғартады.
Әсіресе, Шиелі топырағында өсірілген күріштің орны бөлек. Сыр бойының басты дақылына айналған ақ маржан – аймақтың еңбек дәстүрі мен шаруашылық мәдениетінің символы. Ал бақша өнімдерінің молдығы жергілікті шаруалардың жаз бойғы бейнетінің жемісіндей. Әрбір қауын мен қарбыздың, әрбір қап күріш пен көкөністің артында маусымның ыстығына төзіп, жердің бабын тапқан еңбек адамдарының қажыр-қайраты жатыр.
Мұндай жәрмеңкелердің құндылығы сауда көлемімен ғана шектелмейді. Ең бастысы, өндіруші мен тұтынушының арасын жақындатып, жергілікті өнімге деген сенімді нығайтады. Шаруа өз еңбегінің нәтижесін тікелей ұсынса, тұрғындар сапалы тауарды қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік алады. Осылайша, ауыл мен қаланың арасындағы экономикалық байланыс беки түсіп, өңірлік өндірістің дамуына тың серпін беріледі.
Бүгінде азық-түлік бағасының тұрақтылығы мен сапалы өнімнің қолжетімділігі – халықтың күнделікті тұрмысында айрықша маңызға ие мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, «Дала дәмі» жәрмеңкесі әлеуметтік мәні жоғары бастамалардың қатарынан орын алады. Өйткені дастарқанның молшылығы – ел тұрмысының берекесі, ал отандық өнімге қолдау көрсету – ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосылған нақты үлес.
Жергілікті шаруаларды қолдау арқылы ауылдағы еңбекке серпін беріліп, өнім өндіруге деген ынта артады. Ал өндіріс дамыған сайын өңірдің экономикалық мүмкіндігі кеңейіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады.
Дала төсіндегі еңбек пен ел игілігін тоғыстырған «Дала дәмі» жәрмеңкесі арқылы шаруаның маңдай терімен келген молшылық тұрғындардың дастарқанына жол тартып, туған жердің несібесін ел игілігіне айналдыруда. Осындай игі істер жалғасын тапқан сайын жергілікті өнімнің беделі артып, ауыл еңбегінің қадірі биіктей түсетіні сөзсіз. Өйткені даланың дәмі – диқанның еңбегінде, ал елдің берекесі – сол еңбекті бағалай білуінде.
Гүлнәр Дүйсебай








