ҚАЛАЛЫҚТАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

Дәл қазір ауылдағы ағайынның ырысы артып, берекесі тасыған кезең. Диқандар ала жаздай еткен еңбегін төкпей-шашпай жиып, қамбаға құйып үлгерді. Өзіміздің көкөніс пен жеміс-жидек те жетеді. Артылғанын аудан асып сату – жылдағы дәстүр.
Сол игі дәстүрден жаңылмаған шиелілік диқандар 45 жүк көлігіне тиелген 120 тоннадан аса өнімдерін облыс орталығына жеткізді. Атап айтқанда, 20 тонна күріш, тура сол көлемде картоп, 5 тонна сәбіз бен 15 тонна пияз, 15 тонна қауын-қарбыз, 20 тонна асқабақ, 18 тонна жеміс-жидек, көкөністер, 5 тонна ет пен балық, 2 тонна сүт өнімдері қалалықтарға ұсынылды.
Жергілікті тұрғындар тарапынан шиелілік өнімдерге сұраныс жоғары болды. Оның үстіне баға да нарықтан 15-20 процент төмен. Әсіресе көпшілік «Шиелі-құстың» жұмыртқасын алуға асықты. Асқабақ пен картоп та ыстық бәліш те өтіп кетті. Алаңға жиналған жұрт арзан азық-түліктен өзіне керегін алып үлгергеніне риза.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты да сол, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен бау-бақша өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Шара барысында Қызылорда тұрғындары мен қонақтары үшін өнерпаздар концерттік бағдарлама қойып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі көптің көңілінен шығып, қалалықтар өз алғыстарын білдірді. Алда ай сайын кезекті жәрмеңке өткізу жоспарлануда.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ