Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДАН ҚАЛАҒА ЖЕТКЕН ЫРЫС

АУЫЛДАН ҚАЛАҒА ЖЕТКЕН ЫРЫС

Қай заманда да халықтың әл-ауқаты ең алдымен дастарқанның молдығымен өлшенген. Ал сол молшылықтың бастауы – ауыл, жер, маңдай термен өсірілген адал өнім. Ауыл шаруашылығы – тек экономиканың бір саласы емес, ол – ұлттың тамыры, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі. Осы ұлы ұғымды нақты іспен дәлелдеген игі шаралардың бірі – Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде өткен Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі.
Бұл жәрмеңке қала тіршілігіне ерекше серпін берді. Таңнан бастап Тасбөгеттегі сауда алаңы қыз-қыз қайнаған тіршілікке толып, ауылдың иісі аңқыған табиғи өнімдер қала тұрғындарын өзіне баурады. Шиелі ауданының жергілікті тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары алып келген 82,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімі – ауыл еңбегінің нақты нәтижесі, дала төсіндегі тынымсыз тірліктің жемісі болды.
Сөрелерде тізілген әрбір өнім – бір отбасының, бір шаруаның маңдай тері. Табиғи ет пен сүт өнімдері, дәнімен даңқы алысқа кеткен Шиелінің күріші, балғын жеміс-жидек пен көкөніс, шипалы бал мен күнделікті тұтынатын өзге де азық-түліктер қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен ұсынылды.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – сапа мен қолжетімділіктің үйлесім табуы. Қала тұрғындары делдалсыз, тікелей өндірушіден алынған таза әрі табиғи өнімге ерекше қызығушылық танытты. Бірі отбасына азық қамдаса, енді бірі ауыл дәмін сағынып келгенін жасырмады. Осылайша жәрмеңке ауыл мен қаланы тек сауда арқылы емес, рухани тұрғыда да жақындастырды.
Бұл шараның маңызы мұнымен шектелмейді. Жәрмеңке барысында азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау, отандық өнім өндірушілерді қолдау және тұрғындарды сапалы тауарлармен қамтамасыз ету сияқты маңызды мақсаттар көзделді. Әсіресе, қазіргі нарық жағдайында бағаның шарықтауына жол бермеу, халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ету – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жәрмеңкелер нақты әрі тиімді шешім екені анық.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі – ауыл еңбегіне көрсетілген құрмет, шаруаның үніне құлақ асқан биліктің белгісі. Бұл – «ауыл – елдің асыраушысы» деген ұғымның өміршең екенін дәлелдейтін нақты қадам. Адал еңбек пен әділ баға тоғысқан жерде халықтың ризашылығы артады, қоғамда сенім қалыптасады.
Қорытындысында айтарымыз, ауылдан шыққан өнім – халықтың ырысы, елдің игілігі. Осындай мазмұны терең, мағынасы кең игі бастамалар жалғасын тапса, ауыл шаруашылығының әлеуеті артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсара түсері сөзсіз. Берекенің бастауы – ауылда, ал сол береке халыққа қызмет еткенде ғана ел еңсесі биік болмақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 желтоқсан 2025 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031