Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дидары еңбекпен көркем

Дала дидары еңбекпен көркем

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы.
«Өскен өңір» газетінің редакциясы ерте көктемнен басталған дала төсіндегі қызу тірлік пен диқан қауымының етжеңді еңбегін әркез газет бетіне жазып, оқырман назарына ұсынып келеді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл саланың арқалаған жүгі қашан да ауыр. Тынымсыз тіршіліктің күйін кешіп, тірлігі алға басып, Шиелі ауданындағы еңсесін тіктеген шаруашылықтың бірі – «Төңкеріс К» шаруа қожалығы.
Шаруашылықтың жұмысын қолға алған іскер әрі еңбексүйгіш азамат Бауыржан Көпеев шаруашылықтың жан-жақты дамуына ден қойған. Егіннің қыр-сырын жетік білетін ол жерді тиімді пайдаланып, ел ырысын еселеу­ге елеулі үлесін қосып келеді. Жыл сайын қамбаны алтын астыққа толтырып, ауданның ауыл шаруашылығы салысының дамуына атсалысуда. Аталған қожалықтың жалпы егістік жер көлемі 2256,3 гектарды құрайды. Биыл 685,5 гектарына негізгі өнім күріш, 249,4 га бидай, 402,4 га ескі жоңышқа, 318,7 гектарға жаңа жоңышқа еккен. Сондай-ақ 20 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Алажаздай еткен еңбек, төккен тердің арқасында күзгі жиын-терімнің қорытындысы бойынша 1 800 тонна күріш өнімін қамбаға құйған.
Төрағаның айтуынша, шаруа қожалық 2014 жылы құрылған. Қазіргі таңда 300-ге жуық жер үлескері бар. Ұжымда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, адал бейнетпен нәпақасын тауып отыр. Тек маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін шаруа қожалық естен шығарған емес. Керісінше, «егіні біткеннің қырманына қыдыр қонады» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда.
– Біздің басты мақсатымыз – еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына үлес қосу. Биыл негізгі өнім күріштен бөлек бидай, ескі және жаңа жоңышқа алқаптарында жүйелі жұмыс жүргіздік. Шаруашылық ұжымы егін науқанын тиімді пайдаланып, ауыспалы егіс жүйесін сақтау арқылы жер құнарын арттыруға күш салды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Алдағы уақытта да өнімділікті арттырып, агротекникалық талаптарды сақтап, жерді ұтымды пайдалану және өндірісті сапалы ұйымдастыруға мән беретін боламыз, – дейді шаруа қожалық басшысы Бауыржан Амангелдіұлы.
Иә, тындырымды тірліктің тасасында қашанда білікті де зерделі ұйымдастырушы, іскер басшы тұратыны белгілі. Айқын мақсат пен белгіленген бағыттың болуы кез келген жұмыстың нәтижелі болуына сеп болмақ. Егін саласында мол жәжірибесі бар Бауыржан Көпеев егіннің жақсы болып, мол өнім алудағы арнайы шарттарымен бөлісті. Алғашқысы, егістік жерді барлық агротехника талаптарын қатаң сақтай отырып, мінсіз өңдеуден өткізу, екіншіден, дәнді дақылдарды дер кезінде егу, үшіншіден, тіршілік нәрі – суды барынша ұқыпты да тиімді пайдалану болып табылады. Ал, соңғысы, осы шарттар арқылы өсірілген бітік егінді ысырапқа ұшыратпай, қысқа мерзімде жинап алу керек дейді.
Егін болғасын әрине техниканың әрбір науқанға сай болуы шарт. Техника да жарау­лы аттай жүріп тұрмаса, жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін. Бүгінде қожалық шаруашылық жұмыстарына қажетті барлық жаңа техникалармен қамтылған. Бұл дала жұмыстарының уақытылы әрі сапалы еңбек өнімділігін арттыруға таптырмас мүмкіндік болып отыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші шаруа қожалық басшылығы ұжымдағы әрбір азаматтың еңбек ақысынан бөлек, әлеуметтік қолдауға да айрықша көңіл бөлуде. Жұмысшыларға айлық есебінен төменгі бағамен 80 теңгеден 400 келі бидай және 150 престен әрқайсысы 150 теңгеден жоңышқа шөбі беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау аясында жер үлесі бар отбасына тегін 150 прес жоңышқа шөбін үлестіріп отыр. Сондай-ақ жыл соңында жұмысшылар мен жер үлесі бар барлық отбасыларға 50 келі тегін ақ күріш береді. Бұл – еңбек адамдарына көрсетілген қолдаудың бір көрінісі.
Халқымыз үшін қашанда ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылда туып, туған жердің қадірін білетін әрбір азамат үшін өңірлердің жаңа заман ағымынан қалып қоймай, өркендеп дамуы аса маңызды мәселелердің бірі. Халықты азық-түлікпен қамту өзекті мәселеге айнала бастаған қазіргі кезеңде сапалы әрі экологиялық таза ауылшаруашылығы өнiмдерiн өндіруге баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажеттігіне үнемі назар аударып, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі аясында Қазақстан өзінің Ауыл шаруашылығын дамытуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыруда таптырмас мүмкіндікке айналды.
Міне, бүгін біз мақалаға арқау еткен Тұран ауылдық округінде орналасқан «Төңкеріс К» шаруа қожалығының жағдайы осындай. Қайнаған тірліктің ортасы. Нағыз еңбек адамдарының қасиетті ордасы. «Әрекетке – берекет» бұл шаруа қожалықтың қалыптасқан қағидасы.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
20 қазан 2026 ж. 39 0