Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨНЕ МҰРА – ЖАҢА БАҒЫТ

КӨНЕ МҰРА – ЖАҢА БАҒЫТ

Қазақтың ән мен күйі – халқымыздың көне замандардан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат-болмысы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы. Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің ішіндегі мақтаныш етері бай мұраларының бірі – дәстүрлі әндер.
Бетіңе бақ күліп қарамаса, сәттілік серігің болып жолықпаса, жалғыз талантыңмен жарып шығамын деп дүрмекке келіп қосылу бекер тірлік пе деп қаласың кейде. Ал біздің кейіпкер тағдырдан бақыт, көрерменнен қошемет, өз ортасынан бағалау мен мойындау бұйырған, тектінің тұяғы, асылдың сынығы, сахнаға сән берген дәстүрлі әнші Мұхаммедәлі Бекпейісов.
Жуырда Ақмая ауылдық клуб үйінде Мұхаммедәлі Құрманбекұлының «Көне мұра – жаңа бақыт» тақырыбындағы жыр кеші өтті. Концертке жыр сүйер ағайынмен бірге, мектеп ұзтаздары жиналып, кеш иесіне қолдау көрсетті. Жыр кешін белгілі айтыскер ақын Ержан Әміров тізгіндеп, өнер иесі жайында мұғлұматтармен бөлісті. Оның айтуынша, өнер иесі әкесінің үйретуімен үшінші сыныпта ең алғаш рет қолына домбыра ұстап, өнерге алғаш қадам басқан. Міне «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, Мұхаммедәлінің бойындағы қасиетті өнер, әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілгені белгілі.
Мұхаммедәлі Бекпейісов – 1995 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Мектеп жасынан Нартай ән мұрасына ықыласты өнерпаз, есейе келе Қорқыт ата атындағы университетінен «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша білім алады. Әкесі Құрманбек Бекпейісов Нартай ән мұрасының тікелей насихаттаушысы. Әкеден алған тәлім-тәрбиенің арқасында, Нартай ақынның көптеген мұрасын бойына сіңірді. Қазіргі таңда санаулы Нартай ән дәстүрінің насихаттаушылары қатарында. Өнер сапарымен Орта Азия елдерінің көбінде өнер көрсеткен. Әлем елдері алдында дәстүрлі әнімізді дәріптеп, ерекше бағасын алған талан иесі. Қазіргі таңда Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Нартай өнер үйі» КМҚК директоры қызметін атқаруда.
Жыр кешінде жиналған қауымға өнер исі Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан, сондай-ақ Сыр өңірінің әншілік-жыршылық мектебі мақамдарымен туындылар орындап, көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Сонымен қатар сырнаймен Нартай Бекежановтың жыр-термелерін әуелете шырқады. Кештің тақырыбы атып тұрғандай, концертте Мұхаммедәлі Бекпейісов көрерменге эстрадалық бағытта да жаңа туындыларын паш етті. Жаңа әндердің тұсауы кесілді.
Концерт соңында жергілікті ақындар Мейрамбек Ибрагимов, Шыңғыс Құдайбергенов арнау жырларын айтып, өнердегі достарының қадамына құтты болсын десті. Ән мен жырдан сусындаған ауыл тұрғындарына да алғыстарын айтып, өнер жолындағы сапарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, алдағы күндері Мұхамедәлінің әуелеген әндері мен жыр кештері ауданға қарасты барлық ауылда жалғасын таппақ.

Мейіржан ИБРАГИМ
10 қараша 2026 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30