ДӘСТҮРЛІ ӘН ДӘРІПТЕЛДІ
Бала күнінен елдің алдына шығып, халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп жүрген, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаеваның «Әйел күннің шуағынан жаралған» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Табиғи дарыны мен табанды еңбегінің арқасында елге танылып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздың кешін ел сүйсіне тамашалады.
Қазақтың ән мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттық бекзат болмысы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы. Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің ішіндегі мақтаныш етер бай мұраларының бірі – дәстүрлі әндер. Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткізілген кеш Ақмарал Әлмырзақызының орындауында Нартайдың «Илигайы», «Бастау», «Нақыл сөзі» термесімен бастау алды. Нариман Мизамбаевтың дирижерлігімен «Сырлы саз» ансамблінің сүйемелдеп, Ақмарал Ноғайбаева халық әндерін орындап, кеш қонақтары да өз өнерлерін ортаға салды.
Ақмарал Ноғайбаеваның өнері ананың сүтімен, әкенің қанымен келген десек, қателеспейміз. Себебі, әкесі – тарлан талант иесі, нағыз өнер адамы, әншікомпозитор, «Құрмет» орденінің иегері Әлмырза Ноғайбаев. «Әкеге ұқсаған қыз бақытты болады» десек, қызының шығармашылық ән кешіне шынайы тілекші болып, арнайы құттықтауын жіберген өнер майталманының дидарын жұрт экран бетінен көріп, сағыныштарын бір басып алды.
еш соңында дәстүрлі әнді насихаттап, туған өлкесін әсем әнге бөлеген өнер иесіне Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов аудан тұрғындарының атынан алғысын білдіріп, қазақы қамзол, гүл шоқтарын беріп, адресат табыстады.
М.ИБРАГИМОВ