Би болу билік ету емес, кесімді сөзбен келісім орнату
Қазақ тарихына көз жүгіртсек, ел тағдыры таразыға түскен алмағайып кезеңдерде халықтың басын біріктіріп, дау-дамайды әділ шешіп, жұртты бірлікке бастаған тұлғалар аз болмаған. Олар – ел жадында есімдері алтын әріппен қалған билер. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған дала даналарының билік айту дәстүрі – қазақ қоғамының құқықтық мәдениеті мен рухани дүниетанымының айрықша көрінісі.Қазақ үшін би болу – жай ғана билік жүргізу емес, елдің сөзін сөйлеу, халықтың жоғын жоқтау, әділдікке араша түсу еді. Би айтқан бір ауыз кесімді сөз талай даудың түйінін тарқатып, екі жақты бітістірген. Өйткені дала заңында жеңіс біреудің екіншісін жеңуімен емес, екі тараптың да әділдікке тоқтауымен өлшенген.
Уақыт өзгеріп, қоғам жаңарды. Заманның талабы басқа арнаға бұрылды. Алайда адамзат үшін әділдік, татулық, кешірім мен бірліктің маңызы өзгерген жоқ. Керісінше, бүгінгі ақпараттық аласапыран мен әлеуметтік қайшылықтар кезеңінде осы құндылықтардың қадірі бұрынғыдан да арта түскендей. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде аудандық Алқа билер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты тәрбиелік-тағылымдық кеңес жас буынның бойына отансүйгіштік, жауапкершілік, ұлттық құндылықтарға құрмет және дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу мәдениетін сіңіруді мақсат етті.
Алғаш болып Алқа билер кеңесінің төрағасы Нұрғали Мақашұлы «Патриотизм – жүректегі Отан, бойдағы намыс» тақырыбында баяндама жасап, елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің мәніне тоқталды. Қазақ тарихында елдік пен ерлік ұғымы қашанда қатар жүрген. «Ел іші – алтын бесік» деп өскен халық үшін туған жердің амандығы, елдің тыныштығы, жұрттың бірлігі бәрінен биік тұрған. Бұрынғы бабаларымыз Отанды қорғауды білектің күшімен ғана емес, жүректің тазалығымен, сөздің салмағымен, ел алдындағы адалдықпен де өлшеген. Бүгінгі ұрпақтың патриотизмі де осындай терең түсінікке негізделуі керек. Отанды сүю – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу ғана емес, туған жердің дамуына үлес қосу, ана тілін ардақтау, адал еңбек ету, ел заңын сыйлау. Әсіресе кәсіби білім алып жатқан жастар үшін нағыз отансүйгіштік – таңдаған мамандығын жетік меңгеріп, сол білімі мен қабілетін ел игілігіне жұмсау. Нұрғали Мақашұлының баяндамасы осы тұрғыдан алғанда жастарға елдік сана мен азаматтық ұстанымның қадірін ұғындыруға бағытталды.
Одан кейін Насырбек Мырзабеков «Жастарды әлеуметтік кеселдерден қорғау – қоғамның ортақ міндеті» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ халқы «Балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай көр, 15 жасқа дейін қосшыңдай көр, он бес жастан асқан соң досыңдай көр» деп ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Мұның өзінде баланың жас ерекшелігіне қарай қарым-қатынас жасап, оны тұлға ретінде қалыптастырудың терең философиясы жатыр. Бүгінде жастардың алдында бұрынғыдан да күрделі сынақтар бар. Әлеуметтік желінің ықпалы, зиянды әдеттер, теріс орта, жалған құндылықтар жас буынның дүниетанымына әсер етуде. Мұндай жағдайда жастарды сыртқы ықпалдан қорғау үшін тек тыйым салу жеткіліксіз. Оларға дұрыс пен бұрысты ажырата білетін сана, өмірлік мақсат, берік ұстаным қажет. Жастар тәрбиесі – бір мекеменің немесе бір отбасының ғана міндеті емес. Ол – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені бүгінгі жасөспірімнің тағдыры – ертеңгі елдің тағдыры.
Қазақтың билер тарихына зер салсақ, олардың ең басты мұраты – ел ішіндегі алауыздықты азайтып, жұртты жарастыру болғанын көреміз. Билер дауды ушықтыруға емес, бітістіруге күш салған. Бір ауыз сөзбен ашуды басып, бір ауыз сөзбен екі жақты мәмілеге келтірген. Бүгінгі медиация институтының мәні де осы ізгі дәстүрмен үндеседі. Кеңесте Нажемидин Балтабайқызы «Медиация – отбасы мен қоғамды сақтаудың маңызды тетігі» тақырыбында баяндама жасап, өзара түсіністік пен келісімнің маңызына тоқталды. Отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Ал сол діңгектің беріктігі өзара құрмет пен сенімге байланысты. Бір шаңырақ астындағы адамдардың бірін-бірі тыңдауы, түсінуі, кешіре білуі – отбасылық татулықтың басты шарты. Кейде шешімін таппаған бір мәселе үлкен жанжалға айналып, бүтін бір отбасының берекесін кетіруі мүмкін. Мұндайда мәселені сабырмен талқылап, ортақ келісімге келудің маңызы зор.
Медиация – тараптардың ерікті келісіміне негізделген, бір-бірінің пікірін тыңдап, өзара қолайлы шешім табуына көмектесетін рәсім. Оның басты ерекшелігі – жеңілген мен жеңгенді анықтау емес, екі тарапқа да тиімді мәмілеге жол ашу. Бұл тақырыпты Ержан Шыныбекұлы «Дін мен медиация: татулық пен кешірімнің ортақ құндылықтары» атты баяндамасымен жалғастырды. Адамды биік ететін – адамгершілік, қоғамды берік ететін – бірлік. Дін мен медиацияның үндесетін тұсы да – сабыр, кешірім және өзара келісімге шақыру. Адамның рухани кемелдігі оның өзгеге жасаған қарым-қатынасынан, ашу үстінде өзін ұстай білуінен, кешірім жасай алуынан көрінеді.
Заңгер, кәсіби медиатор Гүлназ Қожатаева «Медиацияның қоғамдағы рөлі» тақырыбында сөз алып, медиацияның қоғамдық қатынастардағы маңызын түсіндірді. Бүгінгі қоғамға да дәл осындай мәдениет қажет. Пікір қайшылығы туындаса, бір-бірін қаралау емес, тыңдау. Келіспеушілік болса, кек сақтау емес, мәмілеге келу – өркениетті қоғамның белгісі. Бәлкім, бабалардың «Дау мұраты – бітім» деген даналығының бүгінгі күндегі жалғасы да осы шығар.
Тәрбиелік кеңесте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Жаннұр Сейтжан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг және кибербуллинг секілді келеңсіз әрекеттерге жол бермеу қажеттігін түсіндірді. Бұрынғы қазақ қоғамында адамның абыройы мен ар-намысы аса жоғары бағаланған. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген нақылдар сөз мәдениеті мен адам қадірін құрметтеудің терең мәнін танытады. Ал бүгін біреуді әлеуметтік желіде қорлау, кемсіту, келеке ету, жалған ақпарат тарату кейбір жасөспірімдер үшін қалыпты әрекетке айналып бара жатқандай. Алайда виртуалды кеңістіктегі сөздің де салмағы бар. Экранның ар жағындағы адамның да жүрегі жараланатынын, әр әрекеттің салдары болатынын ұмытпауымыз керек.
Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алтай Байділдаұлы да жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттерге тоқталып, заңды құрметтеу, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, саналы ұрпақ қалыптастыру қажеттігін түсіндірді. Заң – тек жауапкершілікке тартатын құрал емес, ол – қоғамдағы тәртіп пен азаматтардың құқығын қорғайтын ортақ кепілдік. Заңды құрметтейтін жас өз құқығын ғана емес, өзгенің де құқығын бағалай біледі. Ал құқықтық сауатты ұрпақ – ел тұрақтылығының негізі.
Аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаев өз сөзінде жастарды тәртіп пен білімге үндеп, отбасылық тәрбиенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Бала бойындағы мінездің, адамгершіліктің, ізеттіліктің алғашқы қалыптасу ортасы – отбасы. Үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, уәдеге беріктік, адалдық пен жауапкершілік ең алдымен үйдегі тәрбиеден басталады. Білім адамға жол көрсетсе, тәрбие сол жолдан адастырмайды. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа кәсіби білім берумен қатар, оның рухани әлемін байыту, азаматтық ұстанымын қалыптастыру, ел алдындағы жауапкершілігін сезіндіру маңызды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







