ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ҚҰРЫЛТАЙ
Кейбір сөздер болады, олар уақытпен бірге көмескіленбейді, қайта әр дәуірдің тынысымен жаңғырып, халық жадындағы терең мағынасын сақтап қалады. Сондай киелі ұғымдардың бірі – «Құрылтай».Ғасырлар қойнауынан жеткен «Құрылтай» сөзі бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта жаңғырып отыр. Жаңа Конституциялық өзгерістерге сәйкес, елдің жоғары өкілді органы осы тарихи атаумен аталатын болады. Бұған дейінгі қос палаталы Парламенттің орнына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай келеді. Жаңа саяси институттың алғашқы сайлауы 23 тамызда өтпек.
Атаудың қайта оралуы – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағытталған қадам. Себебі халық тарихында сақталған әрбір ұғымның артында тұтас бір дүниетаным, елдік сана, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани тәжірибе жатады. Құрылтай да сондай ұғымдардың бірі. Оның бойында халықтың басын қосу, ел тағдырын кеңесе отырып шешу, ортақ мүддені биік қою идеясы жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Парламентке тарихи атауды қайтару жөнінде бастама көтерді. Президенттің пайымынша, «Құрылтай» атауы халқымыздың тарихи жадына, ұлттық болмысына жақын. Өйткені бұл ұғымның мазмұнында халықпен бірге ойласу, елмен бірге шешім қабылдау дәстүрі жатыр.
Алайда атаудың салмағы оның сыртқы көрінісімен емес, ішкі мазмұнымен өлшенеді. Жаңа Құрылтайдың беделі оның атауында ғана емес, халық сенімін қаншалықты ақтай алуында көрінбек. Депутаттардың кәсіби білімі, ел алдындағы жауапкершілігі, азаматтардың мұң-мұқтажына сергек қарауы – жаңа институттың шынайы бағасын айқындайтын басты өлшемдер.
«Құрылтай» сөзінің шығу төркіні туралы зерттеушілер арасында әртүрлі пікір бар. Бірқатар ғалым оны ортағасырлық моңғол тіліндегі «quriltai» ұғымымен байланыстырса, енді бір тобы көне түркі тіліндегі «құр» түбірімен сабақтастырады. Тілдік төркіні әртүрлі түсіндірілгенімен, ұғымның рухани мәні өзгермейді.
Қазақ даласында билік пен халық арасындағы алтын көпірдің бірі осы кеңес дәстүрі болды. Ел ішіндегі дау-дамай, сыртқы қауіп, жұрттың бірлігі мен болашағы сияқты маңызды мәселелер осындай жиындарда талқыланды. Құрылтай – тек биліктің емес, халықтың да үні естілетін ортақ алаң еді. Көне түркі мұраларында да осы ұғымның ізі сақталған. «Оғызнама» жырында Оғыз қағанның үлкен жиын шақырғаны баяндалады. Бұл дерек құрылтай дәстүрінің тамыры тым тереңде жатқанын аңғартады.
Тарих беттерінде елдің бағы мен болашағына ықпал еткен талай құрылтайлар өтті. Солардың әрқайсысы халықтың бірлігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қызмет етті. 1206 жылы өткен ұлы құрылтайда Темүжінге Шыңғыс хан атағы берілді. Осы жиында жаңа мемлекеттің саяси бағыты айқындалып, маңызды шешімдер қабылданды. Хандарды сайлау, ел басқару, соғыс пен бейбітшілік мәселелері осындай кеңестерде талқыланған.
Қазақ хандығы дәуірінде де құрылтайдың орны айрықша болды. Ел басына күн туған кезеңдерде халықтың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін осындай жиындар өткізілді. Қарақұм мен Ордабасыдағы тарихи басқосулар – соның жарқын мысалы. Әсіресе Ордабасыдағы жиын қазақ халқының бірлік рухын танытқан ерекше оқиға болды. Жоңғар шапқыншылығы елдің еңсесін түсірген ауыр кезеңде үш жүздің өкілдері бас қосып, жауға қарсы бірігу жолдарын қарастырды. Сол кеңестің нәтижесінде халықтың ортақ мүддесі жеке тартыстардан биік қойылды.
Құрылтай дәстүрі тек саяси шешімдер қабылдайтын орта ғана емес, қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастырған кеңістік болды. 1885 жылы өткен Қарамола съезі қазақ даласындағы құқықтық ойдың дамуына үлкен ықпал етті. Осы жиында Абай Құнанбайұлы төбе би болып сайланып, ел ішіндегі дау-дамайды реттеуге арналған ережені әзірлеуге қатысты. Қарамола ережесінде сот жүргізу тәртібі, қылмыс пен жаза мәселелері, басқару жүйесіне қатысты талаптар қамтылды. Бұл құжат қазақ қоғамындағы құқықтық сананың терең болғанын көрсетеді. Осы жиын арқылы құрылтай дәстүрінің уақыт өзгерген сайын жаңа сипатқа ие болғанын көруге болады. Замана өзгерсе де, елдік мәселелерді кеңес арқылы шешу қағидасы сақталып қалды.
ХХ ғасырдың басында «Құрылтай» ұғымы қазақ зиялыларының саяси ойында ерекше орын алды. Ұлттың ертеңін ойлаған Алаш қайраткерлері халықтың өкілдігіне, мемлекетті басқару ісіне, ұлттық мүддені қорғауға айрықша мән берді. 1917 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлері «Учредительное собрание» ұғымын қазақ тілінде «Құрылтай жиналысы» деп қолданды. Олар үшін Құрылтай – халықтың өз тағдырын өзі шешуге ұмтылысының белгісі еді. Бұл атаудың астарында азаттыққа, әділетке, ұлттық мемлекеттілікке деген арман жатты.
Ғасырлар бойғы Құрылтай тарихына көз салсақ, оның әр кезеңде әртүрлі мазмұн алғанын көреміз. Ежелгі дәуірдегі жиындар елдік мәселелерді талқыласа, Қазақ хандығы кезеңіндегі құрылтайлар бірлік пен ортақ шешімнің негізіне айналды. Қарамола съезі құқықтық ойдың дамуына жол ашса, Алаш кезеңіндегі Құрылтай халық өкілдігі идеясын алға шығарды.
Ал бүгінгі Құрылтай – сол тарихи сабақтастықтың заманауи жалғасы. Ол өткеннің көшірмесі емес, жаңа заман талаптарына сай қалыптасқан саяси институт. Тарихи атауды қайтару – үлкен жауапкершілік. Өйткені қасиетті ұғымға ие болу үшін оның мазмұнына сай қызмет ету қажет. Құрылтайдың шынайы бағасы оның атауымен емес, халықтың сенімін ақтай алуымен өлшенеді. Ғасырлар бұрынғы құрылтайларда елдің тағдыры таразыға салынды. Бүгінгі Құрылтайда да сол ұлы мұрат – халық игілігі, ел бірлігі, мемлекеттің кемел келешегі басты орында тұруы тиіс.
С.МАДИЯРОВА






