СЫР ТӨРІНДЕГІ СӨЗ – ЕЛ ТАҒДЫРЫНЫҢ ҮНІ
Қызылорданың қызыл қыраты мен Сырдың сабырлы ағысы тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы бұл жолы жай ғана саяси жиын емес, ел жадында сақталатын, уақыт сүзгісінен өтетін тағдырлы кеңеске айналды. Осы құрылтаймен бірге бір дәуір өз миссиясын тәмамдап, жаңа кезеңнің есігі айқара ашылды.Ұлттық құрылтай – енді тарих. Бірақ ол тарихқа құр атау болып емес, ел тағдырын таразылаған шешімдерімен енді. Құрылтай атауының Парламентке берілуі, Вице-Президент лауазымының енгізілуі, Конституциялық өзгерістер, Қоғамдық кеңес құзіретінің кеңеюі – мұның барлығы Қазақстанның саяси болмысының жаңарып, мемлекеттік басқарудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің айқын белгісі.
Сыр елінде сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір сөзі Сырдың өзіндей салмақты, әрбір пайымы ел болашағына бағдарланған болды. Президент Қызылорда өңірінің даму қарқынын атап өтіп қана қоймай, бұл аймақтың басты байлығы – адам капиталы екенін ерекше айшықтады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, ауылға деген жанашырлық, нағыз отаншылдық – Сыр жұртының болмысынан табылатын қасиеттер ретінде бағаланды. Нағи Ілиясов пен Таң ауылдарының үлгі ретінде аталуы, еңбекке, тәртіпке, ортақ жауапкершілікке берілген жоғары баға.
Құрылтай мінберінен айтылған инфрақұрылымдық жаңалықтар ел дамуының күретамыры қайда соғып тұрғанын анық көрсетті. Жаңа теміржол желілері, «Қызылорда-Жезқазған» және «Жезқазған-Сексеуіл» бағыттарының жандануы, вокзалдардың қайта түлеп, «Қызылорда-Ақтөбе» төрт жолақты магистраліне алғашқы қадамның жасалуы, мұның бәрі Сыр өңірін ел экономикасының ірі артериясына айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі.
Алайда бұл құрылтайдың жүрек тұсындағы ең ауыр әрі ең үмітті тақырыбы – Арал тағдыры болды. Солтүстік Арал теңізін сақтау – тек экологиялық мәселе емес, бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ұлт алдындағы парыз. Президенттің екінші кезең жобасын аяқтау, Көкарал бөгетін жаңғырту, су деңгейін көтеру жөніндегі нақты тапсырмалары мемлекет жауапкершілігінің салмағын айқын аңғартты. Теңіз көлемінің артуы – үміттің оянуы, табиғатпен тіл табысудың алғашқы жеңісі. Су үнемдеу технологиялары, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, халықаралық су ынтымақтастығын күшейту – болашаққа аманатталған тіршілік тамырын сақтаудың стратегиялық жолы. Бұл бағытта қолға алынған әрбір жоба келер ұрпаққа жасалған қызмет.
Құрылтайдың дәл 100 жыл бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлттық атауы қайтарылған Қызылордада өтуі, тарихтың терең астарлы ишарасы іспетті. Бір ғасыр бұрын ел тағдыры шешілген қалада бүгін де ұлт болашағына қатысты батыл шешімдер қабылданды.
Сыр төрінде өткен бұл құрылтай – бір өңірдің мерейі ғана емес, тұтас Қазақстанның жаңғыру жолындағы айқын межесі. Бұл елдік сана мен мемлекеттік жауапкершіліктің, тарих пен болашақтың үндескен сәті. Қызылордада айтылған сөз – Сырдың бойымен ғана емес, ұлттың жүрегімен бірге ағып, ел тағдырына айналмақ.
Сұлушаш МАДИЯРОВА





