Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы

Рухани құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы


Материал Алматы қаласы
Дін істері жөніндегі басқармасымен
ұйымдастырылған байқауға қатысу
мақсатында дайындалған

Қазақ халқының ғасырлар қойнауында жатқан тарихына үңілсек, ата-бабаларымыздың дала заңына бағынып, ел арасындағы татулық пен бірлікті, достық пен ынтымақты сақтау үшін белгілі бір құндылықтарды қалыптастырғанын аңғарамыз. Құндылықтардың қалыптасуының арқасында қазақ елі иық тірескен жаулардың ізінде өшіп кетпей, көш ілгері жүріп, бүгінде экономикалық және саяси даму жолында. Әрине, қай кезеңді алсақ та, қоғамның дамуы үшін тек экономикалық, материалдық жағдай ғана емес рухани құндылықтар да маңызды екені рас. Әсіресе, бүгінде технология қарыштап дамыған уақытта қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістері айрықша назар аударуды қажет етеді. Қазақ халқының рухани құндылықтары атадан балаға мұра ретінде өшпей қалай сақталып келсе, жаһандану дәуірінде де дәл солай құнын арттыру қажетпіз. Себебі еліміздің құндылықтары халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен, өнерімен және даналық ойларымен ұштасып жатыр. Қай кітапты ашсаңыз да, қай ғалымның еңбегін оқысаңыз да қазақ халқының рухани әлемі бай, терең әрі сан қырлы екенін байқаймыз. Бұл ұлттың бірегейлігін сақтауда, елдік сананы қалыптастыруда және болашаққа жол сілтеуде ерекше рөл атқарады.
Рухани құндылықтарды тілге тиек еткенде “Құндылықтарға не жатады?” деген сұрақтың ойға оралуы да заңды. Осы орайда ең бірінші кезекте рухани құндылықтардың түп қазығы адамгершілік десек артық емес. Әрбір іс-әрекетке адалдық пен әділдікке, имандылық пен ізгілікке сүйену - ата-бабамыздың аманаты. “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген сөздер халқымыздың асыл ойды, игі істерді мәңгілік мұра ретінде бағалағанын көрсетеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген қазақ халқы үлкенді құрметтеп, кішіні аялауды да адамгершілікке жатқызған. Сонымен қатар ана мен әкенің орнын отбасыда ойып тұрып көрсету арқылы ата-анасының өнегесін баланың басты мектебі деген түсінікті қалыптастырған. Әрине, рухани құндылықтар туралы айтарымыз көп. Адам бойындағы ізгі қасиеттердің барлығының құнын арттырып, рухани дамуымыз үшін пайдалансақ әбестік емес. Бірақ қазіргі таңда біздің басты мәселеміз рухани құндылыққа не жатады емес, рухани құндылықты қалай дамытамыз және қалай сақтап қаламыз болу керек сияқты. Себебі қазіргі таңда құндылықтарымыз құлдырауда. Жас ұрпақтың санасына сәуле шашатын құндылықтарды дәріптеу аға буын өкілдерінің ғана емес, елім деп еміреніп, жұртым деп жұмыла жұмыс істейтін әр азаматтың міндетіне айналуы керек. Өйткені рухани құндылықтарын жоғалтқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Халқымыз бір-бірін сыйламаса, ұлттық рәміздерімізді құрметтеп, тіліміз бен дәстүрімізді, ұлттық киіміміз бен өнерімізді лайықты бағаламаса, тарих бетінен атымыздың қалай өшкенін байқамай да қалуымыз мүмкін. Қазақ халқының рухани құндылықтары ғасырлар бойы шыңдалып, даналықтың жемісіне, ұлттың мәңгілік кодына айналды. Ол - тарих пен мәдениеттің, дәстүр мен сенімнің, өнер мен тілдің тоғысқан тұтас жүйесі. Бұл асыл қазынаны қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу - халқымыздың рухани болашағының кепілі.



Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
30 қыркүйек 2025 ж. 63 0