Сарабдал саясаткер

«Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды» деген қағиданы ұстанған Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 30 жылға жуық уақыт ішінде елімізді әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосты. Тәуелсіз Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана дамып қоймай, рухани-мәдени жаңғырды. Елбасымыз бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылдау арқылы ұлттық құндылықтарымызды зерттеу мен зерделеуге баса назар аударды. Елбасының тарихымызды түгендеп, өткеннен ұлағат алуының арқасында өшкеніміз жанып, санамыз сәулеленді. Салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, одан қалды тарихынан айырылудың алдында тұрған елдің бойына қан жүгіріп, ел шежіресінің екінші тынысы ашылды. «Мәдени мұра» арқылы әлем мұрағатынан қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі туралы тың деректер жиналып, іргелі зерттеулер біздің рухымызға рух қосып, тарихымызға жауһар көмбе болып қосылды. Сондай-ақ Елбасының «Тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалары да жүзеге асып, рухани жаңғыруымызға жағдай жасалды. Шыны керек, бұл тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының ұлттық жадысы оянып, жаңа ғасырға қадам басуына алып келді. Мұның бәрі Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі, жүйелі жоспарының жүзеге асқандығы.
Нәйла Палымбет,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»,
аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»,
аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары