Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ауыл Vibe, Retro Night»: БАС ЖҮЛДЕ КІМГЕ БҰЙЫРДЫ?

«Ауыл Vibe, Retro Night»: БАС ЖҮЛДЕ КІМГЕ БҰЙЫРДЫ?

Қазақ халқының жүрегінде ауылдың орны айрықша. Ауыл – тек мекен емес, ол – ұлттық болмыс пен руханияттың қайнар көзі, мәдениет, салт-дәстүр мен адамгершіліктің мәңгілік ордасы. Туған жердің топырағынан нәр алып, таза ауасымен тыныстаған әрбір азаматтың бойында ауылға деген ерекше сүйіспеншілік бар. Өйткені ауыл – ұлттың тамыры, елдің арқауы.
Біздің халқымыз «Ауыл – елдің алтын бесігі» деп тегін айтпаған. Расында, ауыл – береке мен бірліктің бастауы, ел экономикасының тірегі, ұлт рухының киелі ұясы. Төрт түлігін түлетіп, егінін жайқалтып, адал еңбегімен күн кешіп отырған ауыл адамдарының маңдай тері – елдің өркендеуінің негізгі күші. Осындай еңбекқор халықтың арқасында ел еңсесі биіктеп, мемлекет қуаты артып келеді.
Шиеліде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру мақсатында «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы ұйымдастырылған болатын. Ауқымды байқау – ауыл тіршілігін жандандырып, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған игі бастама. Бұл шара ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, ауылдың шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға және дәстүр мен цифрлық дәуірдің үндестігін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени жобаға айналды. Байқау арқылы ауыл жастары өз талантын танытып, туған жердің мәдени келбетін қалыптастыруға мол мүмкіндік алды. Жоба аясында елді мекендерде абаттандыру, мәдени іс-шаралар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылды.
Өткен жұманың кешінде аудан тұрғындарына әр апта сайын ерекше әсер сыйлаған жарқын жобаның қорытынды кеші өтті. Салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы – тек мәдени іс-шара ғана емес, ауыл өмірін жандандыратын, еңбек адамдарының беделін көтеретін, үлкен әлеуметтік жобалардың бірі екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдай отырып, мәдениет пен өнер саласында инновациялық технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын айқындайтынын тілге тиек етті.
– «Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі. Ал ауылдың ажарын ашып, мәдени өмірін жандандыратын – елдің өнерлі жастары. «Ауыл Vibe, Retro NIGHT» жобасы арқылы ауданымыздың әр ауылынан талантты жастардың басын қосып, олардың шығармашылығын көпшілікке танытуға мүмкіндік алдық. Бүгінгі кеш – жай ғана байқаудың қорытындысы емес, ауыл жастарының өнері мен белсенділігін, бірлігі мен ұйымшылдығын көрсететін ерекше мерекелік шара. Әрбір ауылдық округтен келген өнерпаздардың дайындаған қойылымдары мен концерттік бағдарламалары көрермен көңілінен шықты. Барша байқауға қатысқан өнерпаз жастарға, ұйымдастырушыларға және қолдау көрсеткен ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық жолдарыңызға толағай табыс тілеймін!, – деді аудан әкімі.
Сонан соң үздік деп танылған ауылдарды марапаттап, сый-сияпат табыстады. Атап айтар болсақ, жүлделі ІІІ орынды Сұлутөбе мен Майлытоғай және Жиделіарық және Тұран ауылдық округтері иеленсе, ІІ орынды Бәйтерек пен Жөлек және Ақтоған мен Жаңатұрмыс ауылдық округтері лайық деп танылды. Жарыс қорытындысы бойынша Иіркөл және Алмалы ауылдық округтері І орынды алса, ауылдың талантты жастарымен жүзден жүйрік шыққан Бәйгеқұм және Телікөл ауылдық округтері бас жүлде иегері атанды.
Ауыл өмірі – бірліктің, татулықтың, еңбектің мектебі. Мұнда әрбір адамның еңбегі бағалы, әрбір іс – қоғамға пайдалы. «Ауыл Vibe, Retro NIGHT» аясында ұйымдастырылған жәрмеңкелер мен мәдени шаралар елдің рухын көтеріп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

М.ИБРАГИМ
06 қазан 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031