ЖАРҚЫН ЖОБА, БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА
Халқымыз үшін қашанда ауыл – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке мен байлықтың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – елдің асыраушысы, қайнаған адал еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Ауылдың құмында туып, суын ішкен әрбір адам туған жерінің түрленіп, өсіп-өркендеуіне үлес қосуды мақсат-міндеті деп бағамдайды. Әр адамның кіндік қаны тамып, туып өскен елі жер-жәннатымен тең. Өйткені, бүгінде ел таныған азаматтар мен батырлардың тіптен, ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәттері сол өлкемен тікелей байланысты.Осы орайда, ауданда ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру мақсатында «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы бастау алып, аптаның әр жұмасының кешінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Ауқымды байқау – ауыл тіршілігін жандандырып, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған игі бастама. Ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, ауылдың шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға және дәстүр мен цифрлық дәуірдің үндестігін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени жобаға айналып отыр. Байқау арқылы ауыл жастары өз талантын танытып қана қоймай, туған жердің мәдени келбетін қалыптастыруға мол мүмкіндік алды.
Жоба аясында елді мекендерде абаттандыру, мәдени іс-шаралар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Өткен жұма кешіндегі байқауда Қоғалы және Талаптан ауылдық округтерінің өнер ұжымдары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй мен рухани әсер сыйлады.
Байқауға арнайы келіп қатысқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы – тек мәдени іс-шара ғана емес, ауыл өмірін жандандыратын, еңбек адамдарының беделін көтеретін, үлкен әлеуметтік жобалардың бірі екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдай отырып, мәдениет пен өнер саласында инновациялық технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын айқындайтынын тілге тиек етті.
Іс-шарада екі ауылдық округте ауылдан шыққан тарихи тұлғаларын дәріптеп арнайы көрме ұйымдастырды. Сондай-ақ ауыл өнімдерінен, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бұйымдарды көрермен назарына ұсынды. Сонан соң сахна төріне екі ауылдың өнерпаздары көтеріліп әуелете ән шырқап, ақындар арнау өлеңдерін айтып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар байқауда қос ауылдың өнерлі жастары да төбе көрсетті. Оларда күмбірлете күй тартып, мың бұрала билеп, әуезді ән айтып жобаға үлестерін қосты. Осынау тамаша көрініске куә болған көрермен қауым қошеметтеп қол соғып, ауыл өнерпаздарының өнеріне тәнті болып тарқасты.
Мейіржан ИБРАГИМ








