ТАЗАЛЫҚТЫҢ ІЗІМЕН
Жер-Ананың жасыл жамылғысы мен мөлдір бұлағы – адамзат баласына аманат етілген ең қасиетті байлық. Осы аманатқа адал болу, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау – әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – осы ізгі мақсаттың айқын көрінісі, ұлттық сананы жаңғыртатын ұлы қадам.Осы игі істің лебі Шиелі ауданын да айналып өткен жоқ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің тікелей мұрындық болуымен және жүйелі бақылауымен өңірде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары науқандық сипатта емес, күнделікті өмір салтына айналып келеді. «Туған жерге ту тігетін» азаматтардың бұл бастамаға бей-жай қарамайтыны кезекті ауқымды сенбілік кезінде анық байқалды.
Шиелі ауданының орталығы мен барлық ауылдық округінде ұйымдастырылған бұл кең көлемді экоакция нағыз халықтық сипатқа ие болды. Дербес бөлім қызметкерлері, білім мен денсаулық саласының майталмандары, жастар ұйымдары мен еріктілер жүрек қалауымен ортақ іске жұмылды. Сенбілік барысында ауданның әрбір көшесі мен саябағы жаңарып, жандана түсті. Қордаланған қоқыстар шығарылып, арам шөптер орылды, ағаштардың түптері әктеліп, әсем көрініс сыйлады. Сонымен қатар әлеуметтік және мәдени нысандардың аумақтары абаттандырылып, сырланып-көркемделді. Мұның бәрі – туған өлкеміздің келбетін жақсартып қана қоймай, аудан тұрғындарының әлеуметтік жауапкершілігін арттыра түскен маңызды қадам.
«Өскен өңір» ақпарат








