ҚАЗАҚ ЖЫРЫ – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ
Туған жердің топырағын қасиет тұтып, атамекенді көздің қарашығындай сақтау – әрбір саналы азаматтың борышы. Осындай киелі ұғымдарды балалардың жүрегіне ұялатып, көркемсөз арқылы рухани азық сыйлау мақсатында жуырда рухани шара ұйымдастырылды.Аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында және Қызылорда облысының «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен мектеп оқушылары арасында «Менің отаным – менің мақтанышым» атты мәнерлеп оқу сайысы өтті. Руханият пен патротизмнің тоғысқан тұсында өткен бұл байқаудың жөні де, маңызы да бөлек болды. Шараның түпкі төркіні тереңде жатыр. Мақсат – жай ғана оқушылардың өнерін сынау емес, көркемсөздің құдіреті арқылы ұлттық құндылықтарды санаға сіңіру. Халқымыздың классик ақындарының жүрек тебірентер жырлары мен бабалардан қалған даналық сөздерді жас ұрпақтың жадына тоқып, туған жерді көздің қарашығындай сақтауға баулу.
Өнер бәйгесінің көкжиегін кеңейте түскен бір ерекшелік – сайысқа №252 және №127 мектептерден 15-17 жас аралығындағы өзге этнос өкілдерінің балалары қатысты. Сахна төріне шыққан жас жеткіншектер Абай Құнанбайұлының терең философиялық, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін, сөздің майын тамызған Нартай Бекежанов пен жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын жатқа, жанымен түсініп оқыды. Олардың қазақ тіліндегі әрбір сөзді мәнерлеп, нақышына келтіріп жеткізгені соншалық, залға жиылған қауым еріксіз тебіреніп, таңдай қақты.
Талантты балалардың өнерін әділ таразылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ж.Қасымов, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің орыс тілі пәні мұғалімі Г.Шамшатова және №45 «Ақ орда» мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Т.Назарова әр қатысушының өнерін әділ бағалап, кәсіби пікірлерін білдірді. Сондай-ақ жас таланттардың қанатын қатайтып, батасын беруге келген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, ардақты ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шараның мәнін арттыра түсті.
Тартысты да тартымды өткен байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен топ жарғандар анықталды. І орын биігінен көрінген №252 Г.Н.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Жаснұр Хайрулла өзінің ерекше дауыс ырғағымен және шеберлігімен баршаны тәнті етті. ІІ орынды №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Диар Кигай қанжығасына байлады. Ал ІІІ орынға №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Алина Кигай лайық деп танылды. Сайыс соңында қатысқан барлық қатысушыға арнайы алғыс хаттар табысталды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








