Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл мектебіне ашылған жаңа мүмкіндік

Ауыл мектебіне ашылған жаңа мүмкіндік

Балаға әріп танытып, білімнің алғашқы есігін ашатын да, мамандық таңдауға бағыт беріп, үлкен өмірге қанаттандыратын да – ұстаз. Уақыт өзгергенімен, технология жаңарғанымен, жасанды интеллект адам өміріне дендеп енгенімен, ұстаздың бала жүрегіндегі орны өзгермейді. Керісінше, заман алға жылжыған сайын мұғалімнің міндеті күрделеніп, ізденіс аясы кеңейіп келеді.
Бүгінгі ұстаз – бор мен тақтаның ғана емес, цифрлық платформаның, интерактивті ресурстардың, онлайн сабақтың, жасанды интеллект мүмкіндіктерінің тілін меңгерген жаңа буын педагог. Осы өзгерістер біздің ауданындағы білім беру жүйесін де айналып өткен жоқ. Бүгінде ауданның білім саласында 5306 қызметкер еңбек етсе, оның 3279-ы – педагог. Олардың қатарында 2 педагог-шебер, 698 педагог-зерттеуші, 1155 педагог-сарапшы, 983 педагог-модератор және 441 педагог бар. Ал осы үлкен педагогикалық қауымның 1456 ардагері өңірдегі білім саласының қалыптасуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдері.
Білімдегі басты мәселенің бірі – қала мен ауыл мектебі арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын азайту. Әсіресе шағын жинақты мектептер үшін бұл – өзекті тақырып. Өйткені ауыл мектебінде барлық пән бойынша бірдей маманның болуы әрдайым мүмкін емес. Бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретін жағдайлар да кездеседі. Бүгінде елімізде осы бағытта «Qazaq Digital Mektebi» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – орта білім жүйесін цифрландыру арқылы, әсіресе шағын жинақты және ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру. Осы ұлттық бастама аясында Қосүйеңкідегі №84 негізгі мектепте пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Мәселен, №84 негізгі мектептің 4-сынып оқушылары республикалық деңгейдегі үздік ұстаздардан негізгі пәндер бойынша аптасына екі рет онлайн сабақ алады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылық бойынша да қашықтан білім алуға мүмкіндік бар.
Цифрландыру тек оқушыға жаңа мүмкіндік бермейді, мұғалімнің де үздіксіз ізденуін талап етеді. №84 негізгі мектептің екі пән мұғалімінің тамыз айында пилоттық жоба аясында Астана қаласына барып, біліктілігін арттыру курсынан өтті. Мұғалімнің білімі артса, оның шәкіртіне берер мүмкіндігі де көбейеді.
Заман өзгеріп, технология жаңарса да, ұстаздың ұлы миссиясы өзгермейді. Ол – шәкіртке білім беру, жүрегіне ізгілік ұялату және болашаққа бастар жолын нұсқау.

Гүлхан ЯХИЯ
05 қазан 2026 ж. 146 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031