БІЛІМДІ ҰСТАЗ. ТАБЫСТЫ ШӘКІРТ.
Құрметті әріптестер!
Қазіргі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің 2016 жылғы #83 Бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жаңа үлгідегі ережені қабылдауға арнайы ғалымдар, педагогтер, әдіскерлерлер, сала қызметкерлері қатысып, тұжырымдық талдаулар, әлемдік тәжірибелер, ұсыныс-пікірлер сарапталған. Мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында ұстаз еңбегін лайықты бағалау платформасын жасау да оңай болмағаны анық.
Педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа үлгілік қағидаларын қарап шықтым.
Жаңа ереже педагогтердің үздіксіз дамуына негізделген. Менің ойымша, педагогтердің кәсіби біліктілігін шәкіртінің білім сапасы мен дағдылық көрсеткіші арқылы бағалау тиімді. Енгізіліп жатқан арнайы электронды платформа ыңғайлы әрі әділдік пен адалдықты сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Халқымызда: " Мұғалім - мамандық, ал ұстаздық - қасиет," - деген даналық бар. Бүгінгі бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет зор.
Талапты шәкірт, талғамды ата-ана, құзіретті қоғам ұстаздың ұлағатын сезінуі тиіс. "Ұстаз" платформасы педагог қызметін объективті бағалауға жол ашары сөзсіз. Оқушы жетістігі - ұстаз еңбегінің негізгі бағамы. Тәжірибе - ұстаздың шығармашылық пен педагогикалық ізденісінің басым бағыты.
Ғалым, педагог Алма Қыраубаева "Жаным садаға" кітабында: "Ұстазда қыранның көзі, емшінің сөзі, суретшінің қиялы болуы тиіс. Ұстаз үшін ең керегі ізденіс, ізденіс, ізденіс,"- деген еді.
Ізден, талаптан, білім бер, тәжірибемен бөліс, нәтиже көрсет, ынталан, тиісті санатыңды иелен. Бүгінгі күннің талабы осы!
Аттестаттау қағидасы әлеуметтік әділдік, академиялық адалдық, табысты қарым-қатынас, ашықтық пен өзін - өзі дамытуға ынталануды көздейді.
"Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез," - деп Ұлы Абай айтқандай, оқушының жетістігімен өлшенетін аттестаттау ережесі педагогтер үшін тиімді әрі маңызды.
Ендеше, барша ұстаздарға табыс, сәттілік тілеймін!
Жібек Баймұратова