Қырық жыл: тақта алдындағы тағылым
Күздің қоңыр салқыны сезіліп, айнала алтын түске боялған шақта мектеп қабырғасында ерекше бір толқыныс пайда болады. Бұл – ұстазға құрметтің, шәкірт жүрегіндегі алғыстың сезілетін шағы. Ұстаздар күні –адам өміріне бағыт берген, жүрегіне із қалдырған жанға тағзым ететін ерекше мереке. Өйткені ұстаз – баланың арманын қанаттандырып, болашағына жол көрсететін, кейде бір ауыз сөзімен тұтас тағдырға әсер ететін тұлға. Осындай қасиетті жолға қырық жыл ғұмырын арнаған ардагер ұстаздың бірі – Жазира Сүлейменова.Ол 1947 жылғы 10 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ақпайтал ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң жүрек қалауымен ұстаздық мамандықты таңдады. 1963 жылы Өскемен мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 1968 жылы биология және химия мамандығын алып шықты. Жас маманның еңбек жолы сол жылы Шиелі ауданы, Ақмая ауылындағы №49 орта мектептен басталды.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған жас ұстаз үшін әр бала – өзінше бір әлем еді. Ал сол әлемнің тілін табу үшін тек білімді болу аз, сабыр, мейірім, ізденіс керек. Жазира апай осы қасиеттерді бойына сіңіре отырып, ұстаздық жолдың алғашқы баспалдақтарынан өтті.
Еңбек жолын аға пионер вожатый болып бастаған ол кейін бастауыш сыныптарға сабақ берді. 1972-1977 жылдары орыс сыныптарына химия және биология пәндерінен дәріс оқыды. Сөйтіп, кешегі жас маман уақыт өте келе мектептің белсенді ұйымдастырушысы, тәжірибелі пән мұғалімі, шәкіртке бағыт берер ұлағатты ұстазға айналды. 1982 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, 1987 жылға дейін осы қызметті атқарды. Бұл жылдары мектептегі тәрбие жұмысының мазмұнына ерекше көңіл бөлді. Оқушыларды қоғамдық жұмыстарға, түрлі байқаулар мен шығармашылық шараларға тартып, олардың белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етті.
Жазира Мүслімқызының ұстаздық болмысындағы бір ерекшелік – сабақты өмірмен байланыстыра білуі. Биология кабинетіндегі «Тірі табиғат» бұрышы сол кездегі оқушылардың есінде ерекше сақталғаны анық. Хомяк, аквариумдағы балықтар, құстар мен балықтардың муляждары орналасқан бұл бұрыш қарапайым кабинеттен өзгеше, шағын зертхана іспетті еді. Оқушы табиғат туралы тек кітаптан оқып қана қоймай, оны өз көзімен көрді, бақылап үйренді. «Бөлме өсімдіктерінің көбейту тәсілдері» үйірмесі де осы ізденістің жалғасы болды. Мектептің биология кабинетінде 150-ге жуық гүл өсірілді.
Қазір білім беруде тәжірибелік оқыту, зертханалық жұмыс, STEM бағыттары жиі айтылып жүр. Ал Жазира апай сол кездің өзінде бала қолымен жасап, көзімен көріп, жүрегімен сезінген білімін ұмытпайтынын тәжірибемен дәлелдеген.
Жазира апай шәкірттерін олимпиадаларға дайындап, ғылыми ізденіске баулыды. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін мектеп бағдарламасымен ғана шектелмей, қосымша жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шәкірттері аудандық, одан әрі республикалық деңгейдегі білім додаларына қатысты. Осындай еңбегі ескеріліп, Жазира Мүслімқызы аудандық олимпиада комиссиясының мүшесі болды. Оның кәсіби жолындағы ерекше белестердің тағы бірі – ауыл мектебін Алматыдағы республикалық химия мектебімен байланыстыруы. 2004 жылдары №49 орта мектеп республикалық оқушылар сарайының химия зертханасымен байланыс орнатып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлескен жұмыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін білім беруді тоқтатқан жоқ. Оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, химиядан күрделі есептерді қысқа әрі тиімді тәсілмен шығаруға үйретті. Оның алдынан өткен шәкірттер Қарағанды, Семей, Өскемен, Орал, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарында химия және жаратылыстану бағыттарында білім алды.
Ұстаздың еңбегі еленіп, білім министрінің Алғыс хатымен, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінде Жазира Мүслімқызы – немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Бір әулеттің ғана емес, талай шәкірттің жүрегінде өзіндік орны бар аяулы ұстаз.
Қырық жыл бойы тақта алдында тұрып, сан мың шәкіртке білім берген ардагер ұстаздың ғибратты ғұмыры – өз кәсібіне деген адалдықтың шежіресі.
Гүлхан ЯХИЯ








