ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әркез сол кілт жүру керек» дегендей, ұстаздық жол – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұлы қызмет. Себебі мұғалім маман мектеп табалдырығын аттаған әр жанға біліммен қатар өмірлік бағыт-бағдар беріп, ізгі жол көрсетеді. Осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін қасиетті, жауапкершілігі мол мамандық иесі атанып, адал бейнетімен зейнет жасына шыққан ардагерұстаздардың қатары тағы да бір қадірлі жанмен толықты.
Бүгінгі кейіпкеріміз ғибратты ғұмырын өнегеге айналдырып, ізгілікке толы өмір жолын білім беру ісіне арнаған аяулы ұстаз, ардақты ана – Бекайым Рахметова. Ол 1963 жылы 15 мамырда Ортақшыл елді мекенінде дүние дидарын көріп, сол ауылдағы мектеп табалдырығын аттады. Жасынан білімге құштар шәкірт мектеп қабырғасында жүріп, түрлі байқаудың жеңімпазы болған. Ұлағатты ұстаздарының біліміне сусындаған жан мектепті аяқтаған соң, алдымен, Шымкент қаласындағы Энергетикалық техникумға оқуға түсіп, содан соң Түркістан гуманитарлық мемлекеттік университетінде технология пәні мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Алғашқы ұстаздық еңбек жолы Ақмая ауылында орналасқан №49 орта мектепте технология пәні бойынша дәріс беруден басталды. Мәртебелі мамандық иесі бола жүріп, аудандық «Өскен өңір» газетінің әр санында жыр-шумақ өлеңдері жарық көріп, оқырманның сүйікті ақынына айналады.
Дана қазақ халқында «Жақсының тамыры тереңде» деген сөз бар. Бүгінде аяулы ұстаз жолдасы – Серік Палымбетовпен бірге 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отыр. Берекелі отбасынан тәлім алған ұл-қыздары да жоғары оқу орнында білім алып, бірі – ұстаз, енді бірі – спорт саласында қызмет етіп жүр.
Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі басым Бекайым Қалиқызы адал бейнетпен зейнеттің төріне шығып отыр. Зейнет жасына жеткен ұстазды мектеп ұжымы сән-салтанатпен, ерекше қимастық сезіммен шығарып салды. Әріптестерінің алдында құрмет-қошеметке бөленген жан келген қонақтарға алғысын білдірді. Салтанатты жиынға Шиелі аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, мектеп директоры және ұстаздар қауымы мен шәкірттері келіп қатысты.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында қажымас қайратымен, өнегелі өмірімен, адамгершілік қасиетімен дараланған ұстазға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасы мен сый-сияпаты табыс етілді. Сонымен қатар әріптестері, шәкірттері, ағайыны ізгі тілегін айтып, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Іс-шара барысында әсем әндер айтылып, жыр-шумақтары оқылды.
Өз кезегінде зейнет демалысына шыққан ардагерге біз де ұзақ өмір, зейнетінің тәтті жемісін, аласармас абырой биігін тілейміз.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ