Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАНЫМЫ МЫҚТЫ ҰСТАЗ

ҰСТАНЫМЫ МЫҚТЫ ҰСТАЗ

Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде қасиетті төр ұлағат иелеріне тиесілі екенін дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев бекер айтпаған. Болашақтың бая­ны, келешектің кепілі балаларға сапалы білімімен қатар саналы тәрбиесін ұштастыра білсе, ол ұстаздың бірегей жетістігі. Иә, ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама мың сан мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі. Осы ізгі мамандықтың атына қылаудай кір келтірмей, санаулы ғұмырын өзі таңдаған саласына арнаған ұстаз – Жансұлу Сыздықова.
Әр адамның өз алдына дара жолы бар. Біздің кейіпкеріміз 1981 жылы Шиелі ауданы, Талаптан ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Абай атындағы мектепті үздік тәмамдаған соң, Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде музыка мамандығы бойынша білім алады. Артынша Қорқыт Ата атындағы университетте оқуын жалғастырады. Оны бітіргеннен кейін еңбек жолын 2003 жылы №251 М.Әуезов атындағы мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып бастайды. 20 жылдан бері осы аталған мектепте ұлағатты ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеуде.
Тәңірі Жансұлу Сыздықоваға ұстаздың нағыз туабітті қасиеттерін дарытқан. Алғырлығы ішкі жан дүниесін нұрландырып тұрады. Бұл дегеніміз не? Біріншіден, өз мамандығын жақсы көруі. Екіншіден, оқыту мен тәрбиені бірге ұштастырып жүргізуі. Үшіншіден, не жасаса да бастаған істі аяқтайтыны, негізінен жүйелілікті басшылыққа алуы, әрбір ұғымның қасиетін түсіндіруге тырысуы. Төртіншіден, баланы өз баласындай көріп, мәпелей сенімге кіруі. Кейде мұндай қасиет ата-ананың да орнын алмастырып жатады. Бесіншіден, сабақты түсіндіргенде оқушыға түсінікті тілмен жан-тәнімен, бүкіл болмысымен беріліп, баланың ынтасына, оның жеңіл қабылдауына жұмыс істейді. Сөйтіп мұғалім мен оқушы арасына тылсым жол салады. Оның ойынша, дарынды шәкірт ұстаздан озу керек. Сонда ғана баланың бойында ұстаз қалыптастырған із қалмақ.
«Мықты, сауатты мұғалім болу көп ізденісті қажет етеді», – дейді ол. Себебі қазір балалардың бәрі сауатты, мобильді. Сол үшін күнделікті заман ағымына сай ізденіс пен жаңашылдықтың үстінде болу шарт. Бар ғұмырын музыка пәніне арнаған мұғалімнің шәкірттері де талай республикалық, облыстық, аудандық жарыстар да топ жарып, ұстаздарының мәртебесін арттыруда. Жансұлу ұстаздың мінезі де өзгерек. Оның өн бойындағы адалдығы, нәзік жан иесі бола тұра ерге бергесіз мінезі, ұйымдастырушылық қасиеті болуы оны өзгелерден ерекше етіп тұрады.
Ол өзінің осындай ұстаздық жолына түсуіне бірден-бір себепкер Дариға Мұсабаева екенін айтады. Шығыстың ұлы ғалымы әл-Фараби «Маған жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашағыңызды айтып берейін» деген екен. Міне, Жансұлу Сыздықова сол болашаққа қалтқысыз қызмет етіп, бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, бала жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
28 қыркүйек 2022 ж. 386 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9187)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (9186)

16 наурыз 2024 ж.

№21 (9185)

12 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031