Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп тілді білген көштен қалмайды

Көп тілді білген көштен қалмайды

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» дейді хәкім Абай. Расында, шынайы ұстаз, шәкірт жүрегі мен санасына терең бойлап, кеудесіне рух, жанарына жалын сыйлайды. Ол даусыз. Ал, сол мектепке құлшыныспен баратын жаңашыл, шет тілдерін жетік меңгерген, жоғары білімді мамандардың қызмет істегені көңіліңді марқайтады. Олар нәтижелі табысқа жетіп жатса нұр үстіне нұр болмақ. Сондай жұмысы жемісті ұстаздардың бірі – Ә.Монтаев атындағы №149 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Сабира Балғабаева.
Ол 1985 жылы Ақмая ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан алғыр, зерек, талапты қыз Сәбира Нұрлыбайқызы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп «Ағылшын тілі» мамандығын алып шығады. Одан соң Тараз мемлекеттік университетінде білім алған. Алғаш еңбек жолын 2004-2008 жылдары №49 орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мұнан соң 2017 жылдан бастап №149 Ә.Монтаев атындағы мектепте қызметін жалғастырады. Білімі мен біліктілігін ұштастыра білген жас маман мектепішілік, аудандық, облыстық байқауларға да белсене қатысып, өзін жақсы қырынан таныта білді. Мәселен, жуырда ауданда «Көп тілді меңгерген ұстаз» атты байқаудың екінші тұғырынан көрінді.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген бар. Жас ұстаз Сәбираның шәкірттері ­Аружан Балғабаева эссе жазудан II орын алса, Таңшолпан Әбдімәулен III орын иеленген. Сабира танымы кең, ойы озық ұстаздардың қатарында. Қашанда белсенді, бастамашыл қасиетімен ерекшеленіп келеді.
– Біз қандай да бір жарыстарға катысуға жагдай жасайтын, үнем қолдап қаржылай көмек беріп отыратын мектеп директоры Ж.Рыспембетова мен аудандағы көптеген байқауларды ұйымдастырушы, ұстаз шеберлігін анықтаушы әдіскер Ә.Тәжиеваға алғысым шексіз. Бүгінде қазақ елі әлемдік ареналарда бой көрсетіп келеді. Келешекті ойласақ шәкірттерді үштұғырлы тілді жетік меңгеруге баулуымыз керек. Мұндай үрдістен қалуға болмайды, – дейді Сәбира Нұрлыбайқызы.
Білім саласында мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, оқудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибені шығармашылықпен қолдана білетін маманды кәсіби маман деп атайды. Ал кейіпкеріміз Сәбираның бойында бұл қасиеттің барлығы тоғысқан. Білігі мен білімі сәйкес ұстаздың алар асуы әлі алда.

Ш.Тілеубаев
06 маусым 2022 ж. 355 0