Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтауға лайық мамандық

Мақтауға лайық мамандық

Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Десек те, ел арасында кез келгеннің нұрын тасытып, мақтауын асырып жатпайды. Әрнәрсені өзінің орнымен, өзінің шегімен жасайды. Мақтауға лайық деп еліне ерен еңбегі сіңген, көпшіліктің ықыласына бөленіп, өкшесін басқан ұрпағына жол көрсете алатын тұлғаны айтады. Мен сондай жандардың тізіміне ағылшын пәнінің зейнеткер мұғалімдерін енгізер едім. Алдына келген оқушыға әріп үйреткеннен бөлек, елімізде үштілділік саясаты басталғанда да аянбай қызмет еткен олар ағылшын тілі маманының мәртебелі мамандық екенін көрсетіп кетті. Сондықтан, қазір жастарымыз шет тілі пәнінің мұғалімі болуды мақсат тұтады.

Өткенге шегініс жасап көрейікші. Сонда ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қалай еңбек еткенін байқауға болады. Мен 21 жыл бұрын мектеп бітіргенде, ағылшын ұстаздары қазіргідей қосымша қызметі үшін ақы алмайтын. Тіпті, ақы алуды ұят санайтын. Сол кезде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да орыс-қазақ бөлімдері аралас 70 талапкер қабылданды. Болжап қарасам, елімізде әр оқу орны сонша студент қабылдаса, мектептегі қанша мұғалім түлектерін ағылшын тілінен тегін дайындаған. Ал, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге кеткен жастарды еліміздің ағылшын мұғалімдері оқытты. Себебі, ол кезде қазіргідей шетел маманын шақыртып оқыту мүмкін болмаған еді. Міне, қос қолдап қошеметтеп, басымызды иіп құрметтейтін бірден-бір мамандық иегерлері – зейнет жасындағы ағылшын ұстаздары.
Қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің батасын алып, жол сұраған ұлттың ұрпағымыз. Бұл – дала заңы, ата-ана тәрбиесі біздің қазаққа ғана тән. Өзге алпауыт мемлекеттерде бата алуды алғыс айтумен алмастыруға болатын шығар. Өйткені, бата алу мен алғыс айтудың түпкі төркіні бір. Екеуі де үлкеннің жолын ұлықтап, өзгеге ілтипат көрсетуді дәріптейді. Осы орайда мен де ағылшын пәнінің мұғалімі болғандықтан, аудандағы бір буын жоғары ұстаздарға алғыс айтқым келеді. Қазіргі жас ағылшын пәнінің мұғалімдерінің барлығы сіздердей сара жол салып кеткен ұстаздарға қарыздар деп білемін. Өздеріңіздің өкшелеріңізді басып келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі болып жүре беріңіздер.

Шырынхан Мұхамедкәрімқызы,
№48 мектеп-лицейінің мұғалімі.
02 наурыз 2019 ж. 777 0