Баймановтар династиясының дала шежіресі
«Еңбек – елдің мұраты, адалдық – ердің сүлдесі». Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, әке жолын ұлы жалғаған, еңбек пен мейірім тоғысқан өнегелі әулеттер қай заманда да елдің мерейі болған. Осындай абыройлы әрі жауапты жолды серік еткен әулеттің бірі – Сұлутөбе ауылының мақтанышы Баймановтар отбасы. Дәрігерлік – тек мамандық емес, ол – жүрек жылуын, жан айқайын ұғатын қасиетті миссия. Ал сол миссияны дала медицинасының ауыр жүгімен қатар арқалаған жан – Жақсылық Байманов.Бүгінде пайғамбар жасынан асып, сексеннің сеңгіріне жақындаған Жақсылық атамыздың өмір жолы – шынайы ерлік пен адал еңбектің дастаны. 1966-1967 жылдары Қызылорда медициналық колледжін жаңадан аяқтаған жас фельдшер өмірдің қат-қабат сынына ерте араласады. Жас маман ауыл совхоздарына, қиырдағы шопандар ауылына жолдама алып, ел денсаулығын сақтау жолында еңбек майданына кіріседі.
Ол заманның қиындығын бүгінгі ұрпақ елестете де алмас. Қолда сайлы құрал-жабдық жоқ, жедел жәрдем көлігі жетпейтін, жолы да, байланысы да жоқ шақ. Жезқазған шекарасындағы Еспе, Көкала жар сияқты сайын далада, құм астында жайлауды жайлаған қазақ шопандары мен түйекештерінің жанына дәру болу – үлкен тәуекелді талап етті. Алыстағы малшыларға жету үшін жас фельдшер су тасығыш көліктердің, жем-шөп таситын жүргізушілердің кабинасына асынып, тіпті қара жаяу жол тартатын.
Аспандағы АН-2 ұшағын тоқтату үшін қол айнасын күнге шағылыстырып, белгі беретін күндер де дала медицинасының романтикасы емес, өмір мен өлім арасындағы шынайы күресі еді. Ұшақ ұшқыштары да қырағылық танытып, дала дәрігерінің осы бір амалына үнемі қарайласатын. Ал ауылдағы бір әжейдің басының битін ақ орамалға тарап, сыртқа шығып бірнеше мәрте қаққанын байқаған ұшқыштар: «Дәрігер шақырттыңыздар ма? Қане, кім ауырып жатыр?» деп үйге кіріп келетін қызықты да әсерлі сәттері осы бір адал қызметтің айқын дәлелі.
Қыр даласы қауіпке толы болатын. Қой қырқымы кезіндегі ауыр жарақаттар, абайсызда бензин ішіп қойған бүлдіршіннің өмірін аман алып қалу, көшіп бара жатқан жолда орайтын құндақ табылмай, Еспе құмының ыстық шағылына жас нәрестені орап, бойын жылытып, аман босандырып алу секілді оқиғалар – Жақсылық атаның өмірлік тәжірибесіндегі ұмытылмас беттер. Ата Сұлутөбе ауылындағы 16 баланың кіндік әкесі атанған. Бүгінде сол нәрестелердің алды 50-ге жақындап, ортамызда ұрпақ өрбітіп отыр.
Жақсылық атаның осы бір сүбелі еңбегі өз кезінде еленбей қалған жоқ. Кезінде аты дардай «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінде арнайы мақала жазылып, облыстық және аудандық Денсаулық сақтау басқармаларының арнайы Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Ер азаматтың елге сіңірген еңбегінің артында әрқашан берік тыл, парасатты жар тұратыны хақ. Жақсылық атамыздың сенімді қолқанаты, төрт баланы өсіріп, тәрбиелеген еңбек адамы – Ырысалды апамыз.
Ырысалды апа өмір майданында ширыққан жан: он жылдай мектеп асханасында аспазшы, 14 жыл сол мектептің тазалығын сақтаған тазалықшы, кейінгі 10 жылда ауылдық медициналық пункттің тазалығына жауапты болып, жалпы 35 жыл еңбек өтілін жинақтады. Заманның қысылтаяң шағында, техника мен тұрмыс тапшы болған кезеңде адал еңбекпен отбасының берекесін кіргізіп, балаларын азамат етіп өсірген Ырысалды апаның да бейнесі – нағыз аналық пен еңбекқорлықтың символы.
Әке көрген оқ жонар. Жақсылық атаның осы бір мағыналы да жауапты жолын ұлы Сәбит Байманов артық-кемсіз қабылдап алды. Сәбит ағамыз да әкесі секілді фельдшерлік мамандықты серік етіп, ауылда ел саулығын күзетіп жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Әке қалыптастырған мектеп, әке берген аманатты Сәбит ағаның бойындағы жауапкершілік пен кәсібиліктен айқын көруге болады.
Бұл әулеттің дәрігерлік династиясы мұнымен шектелмейді. Сәбит ағамыздың жұбайы Әсия да – ақ халатты абзал жан. Өзімен иық тірестіре жүріп, Сұлутөбе ауылдық ауруханасында мейіргерлік қызметті абыроймен атқарып келеді. Баймановтар отбасының тұтас бір ұрпағы ел денсаулығына, адам өмірін арашалауға өз өмірлерін арнап келеді. Тіпті немересі Шыңғыс та осы салада: Астана қаласының жедел жәрдем станциясында фельдшерлік қызметін атқарып жүр.
Мемлекет басшысының «Еңбек адамына» білдірген ерекше құрметі мен «Адал азамат» концепциясы осындай қарапайым, бірақ ерен еңбек иелерінің бейнесінен айқын көрінеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін халықтың саулығы үшін аянбай тер төккен Жақсылық атамыз бен Ырысалды апамыздың, олардың жолын абыроймен жалғастырып жатқан Сәбит пен Әсияның еңбегі – жастарға үлкен өнеге. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, ақ халатты абзал жандардың қайырымды қолы талай жанға үміт сыйлай бергей!
Макпал Жусанбаева







