Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

«Қалауын тапса қар жанады» деген халқымыздың нақылы қашан да шындық биігінен көрініп келеді. Адамның табиғатпен үндескен еңбегі, жерге деген ыстық ықыласы мен пейілі қасаң қағидаларды бұзып, бұрын-соңды бұл өңірде өседі дегенге сену қиын табиғат сыйларын өсіріп жатқан жоқ па? Мұның айқын дәлелі – кент тұрғыны, бүгінгі таңда құрметті зейнеткер Сейтсұлтан Сартаевтың шағын бағы.
Кезінде газ тарату пунктінде (ГРП), кейін РУ-6 мекемесінде адал еңбек етті. Өмірінің біраз жылдарын өндіріске арнаған Сейтсұлтан аға бүгінде зейнеткерлік демалыста. Қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол табиғатпен сырласып, бау-бақша егуді жан серігіне айналдырды. Ағамыздың еңбегін тек «үй маңындағы әуесқойлық» деуге келмейді. Бұл – нағыз ізденіс пен тәжірибе алаңы. Бағбанның бағындағы ең үлкен жаңалық – Алматының аты аңызға айналған, тау бөктерінің ғана ауасына үйренген апорт алмасын Шиелі топырағында жерсіндіріп, бүгінде мол өнімін көріп отырғаны.
Көз көргенге таңғаласың. Шынында да, салмағы 450 граммға жететін бір тал алып апорт алмасын қолыңызға алғанда, мұның ыстық күні мен сары топырағы мол Сыр өңірінде өскеніне сену қиын-ақ. Бір қарағанда алма өсіруде тұрған не бар дерсіз. Көшетін отырғызасың, суарасың, күтесің, уақыт өте жемісін береді. Бірақ Сыр бойының табиғатын білетін адам үшін мәселе соншалықты қарапайым емес. Жазы аптап, топырағы мен суының өзіндік ерекшелігі бар өңірде кез келген жеміс ағашын жерсіндіру бағбаннан білімді ғана емес, төзімділікті, үздіксіз еңбекті талап етеді. Сейтсұлтан Сартаев осыдан біраз уақыт бұрын апорт алмасын егіпті. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп отыр. Ерекшелігі, жемістің көлемі. Бір алманың салмағы шамамен 450 грамға жетеді. Қолға ұстап көргенде, кәдімгі алма емес, бақтың берекесіндей әсер қалдырады. Көзбен көрмеген адамға Шиелі жерінде мұндай ірі алма өседі деу ертегі секілді көрінуі мүмкін.
Бұған дейін де баспасөз беттерінде өңірдің берекесі туралы талай қалам тербелген болатын. Жергілікті басылымда жарық көрген «Шиеліде шие өссе жайқалып...», «Баппен өскен бақ», «Алма өспейтін аймақ па едік?» және «Шиеліге жерсінген жемістердің патшасы» атты мақалалар диқандар мен бағбандардың әлеуетін әлдеқашан паш еткен-ді.
Бұрын Шиелі топырағында балдай тәтті шабдалының жақсы өсетінін жұртшылық жақсы білетін. Ал бүгінде Сейтсұлтан Сартаев сияқты жанкешті азаматтардың арқасында бұл тізім алманың төресі – апортпен толығып отыр. Мұның артында тарих пен тың ізденіс қатар жатыр. Кеңес дәуірі кезінде «бұл өңірде тек күріш пен бақша өнімдері ғана өседі» деген стереотип бұзылып, Сыр бойының климаты әртүрлі жеміс түрін құшағына басуға қабілетті екені дәлелденіп келеді.
Еңбек еткен адамға шекара да, топырақ та шектеу қоймайды. Қиыр Шығыс халқы қастерлеп, «жемістердің патшасы» атап кеткен анар жемісін Шиелі топырағында да баптап өсіруге бөтен кедергі жоқ. Ерінбей егіп, аялап күтсе, бұл да қолдан келетін дүние. Мәселе климатта емес, адамның ынтасы мен ниетінде. Қасиетті Жер-Ана – ырыс-несібенің қайнар көзі. Егер біз оны шынайы қадірлей білсек, жер де бізге өзінің жомарттығын көрсетіп, сан алуан мейірімін төгетіні хақ.
Кейіпкеріміздің бұл қадамы – өскелең ұрпаққа үлкен өнеге. Еріншектік пен сылтауды ысырып, табиғатпен тіл табыса білген әрбір жанның бағы әлі-ақ жайнай түспек. Шиелі бауларындағы апорт алмасы мен алдағы уақытта қолға алынар тың ­бастамалар өлкемізді нағыз жеміс орманды алқабына айналдырарына сенім мол.

С.МАДИЯРОВА
15 қыркүйек 2026 ж. 33 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930