Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бау-бақша баптаған бағбан

Бау-бақша баптаған бағбан

Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – адам баласына Алланың жүктеген міндетінің бірі. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тер төкпестен, түрлі қулық-сұмдықпен келген дүниенің қайыры болмасы белгілі. Негізінде кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау үшін шынайы еңбек етсе ғана оның ырысы артып, мерейі тасымақ. Иә, маңдай тер, адал еңбекпен келген наннан артығы жоқ. Әңгіме осындай адал еңбегі арқылы абырой биігіне көтерілген кент тұрғыны Сейітқасым Жорабеков туралы.
Айта кетейік Шиелі ауданында бақша егіп, оны кәсіп көзіне айналдырған жандар некен-саяқ. Жақында бейнетінің зейнетін көріп отырған Сейітқасым Жорабеков қарияның отбасында болып, еңбек адамының өнімді ісімен танысып қайттық. Ол бір күнін емес, бір сағатын босқа өткізбейтін бағбандық пен ұсталық кәсіпті қатар меңгерген ардақты ақсақалдың бірі де бірегейі. Біз барғанда ол кісі өзінің жұмыс істейтін шағын темір шеберханасында әлденелерді шұқылап, ұсақ-түйек темірлерден техникасына қажетті бөлшектерді құрастырып жатыр екен. Әңгіме барысында ақсақалдың әлі де болса еңбекке деген ынта-жігері, құлшынысы, қажыр-қайраты қайтпағаны қуантты.
Ол 1950 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Себебі 1930 жылдан басталған ашаршылық кезеңінде ата-анасы Өзбекстан Респуб­ликасы, Ферғана облысына қоныс аударған. Содан 1965 жылы Орман тоғай мекемесінің, Ызалы көл учаскесіне көшіп келген. Әкесі Өтеген Жорабеков жеңісті жақындатуға үлесін қосып, темірден түйін түйген шебер кісі болған екен.
Сейтқасым ағаның айтуынша, ұсталық жай ғана мамандық қана емес, ол – киелі. «Оны әкемнен үйрендім. Әкем Өтеген Жорабеков Ұлы Отан соғысының ардагері, темірден түйін түйген іскер кісі еді. Сол кісінің қасында жалықпай жүріп, ұсталық өнердің қыр-сырын меңгердім. Осы өнеріме келуіме де сол әкемнің ақылы себеп болды», – дейді әңгіме арасында.
Әкесінен қалған ұсталық қасиет баласының бойына дарыған, бүгінде темірден түрлі бұйымдар жасап, техниканың тілін шебер меңгеріп алған. Ол жасынан шаруаға бейім, еңбекқор болып өседі. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін сол кездегі Бәйгеқұм ауылындағы колледждге түсіп, «Механизатор», 5 разрядты «Автоэлектрик-аккумуляторшы» мамандығын аяқтаған. Буыны бекіместен колхоздың тірлігіне араласып, жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Сонымен қатар «Лесхоз» мекемесінде де түрлі жұмыстар атқарады. Одан кейін «ГРП-23» мекемесінде автоэлектрик қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шығады. Өзінің туып өскен жеріне адал қызмет еткен, қоғам құрметтеп, халқы қадірлеген жанның марапаттары мен жеткен жетістіктері баршылық. Мәселен, Сейітқасым ақсақал 1982 жылы Халық депутаттарының поселкелік советінің депутаты болып сайланды. Кейін іскерлігімен көзге түсіп, 1989 жылы екінші мәрте поселкелік советінің депутаты болды. Бүгінде жетпістің екеуіне келсе де бау-бақша баптау ісімен айналысып жүр. Бағбанның ауласына бас сұққаннан бойыңыз сергіп, жансарайыңыз ашылып сала береді. Бізге бау-бақшасын аралатып, алма ағашымен таныстырды. Бақта жағалай егілген алмұрт, жүзім, шие, қызыл шие, өрік, қара өрік, анар, құлпынай ағаштары жайқалып алыстан көз тартады. Көкөністер егілген атыздардың жөні бір бөлек. Онда болгар бұрышы, сарымсақ, қызылша, қызанақ, қияр, жуа, тұт егіліп, жер идірген жанның бақылауына алынған.
Бірнеше жыл бойы төгілген тер мен еткен еңбек өз жемісін беруде. Бүгін де Сейітқасым Өтегенұлының ауласындағы жеміс-жидектер мен көкөністердің барлығының көшеті мен жемісін тұрғындар арнайы тапсырыс арқылы үйінен алып кетеді. Одан бөлек аудан орталығы мен ауыл тұрғындарына тегін үлестіріп, күтіп-баптаудың жолын айтып, жанашырлық көрсетеді.
– Бүгінде 100 түп әртүрлі жеміс ағашы мен 6000 түп құлпынай бар. Мұндай бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Көптеген замандастарым бақша егумен айналысады, дегенмен жақсы өнім ала алмай жатады. Мен арнайы бау-бақша өсірудің әдіс-тәсілдері жазылған кітаптарды іздеп жүріп, көп оқимын және ақпараттарға құлақ түремін. Мәселен, қашан суару керек, қалай артық бұтақтарды кесу керек екендігін кітапқа сүйене отырып істеймін. Бүгінде бұл жөнінде біраз тәжірибе жинадым», – дейді ақсақал.
Одан бөлек бақты баптаудың сырымен де бөлісті. «Ең бірінші күтіміне мән беруің керек. Оны уақытылы суғарып, арам шөбін жұлып көңіл бөлсе, бақша мол өнім береді. Тағы бір айтайын дегенім, ертеде шаруалар топырақтың құнарлылығын қалыпқа келтіру үшін қызыл құрттарды көп пайдаланатын болған. Осы құрттар арқылы қара жерді тыңайтуға да болады. Олар қай жерде көп болса, сол жерде көкөністер, жеміс-жидектердің мол болатынын білетін» дейді. «Еңбек еткеннің еңсесі биік». Бағбанның алда жоспары көп. Бау-бақшасының көлемін бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін көбейте түсуді ниет етіп отыр.
Халқымызда «Бақыт дегеніміз еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Сейітқасым қария мен Ұлбосын қажы апай екеуі 50 жылдан аса тату-тәтті тірлік кешіп, жеті перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан жиырма алты немере, он бір шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Олардың ендігі тілектері – ел іргесінің бүтіндігі, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарының амандығы.

Ш.Тілеубаев
21 маусым 2022 ж. 575 0