Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер дәулеті – еңбекте

Ер дәулеті – еңбекте

Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – адам баласына Алланың жүктеген міндетінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен, түрлі қулық-сұмдықпен келген дүниенің қайырлы болмасы белгілі. Негізінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау үшін шынайы еңбек етсе ғана оның ырысы артып, мерейі тасымақ. Иә, маңдай тер, адал еңбекпен келген наннан артығы жоқ. Бүгінгі әңгіме адал еңбегі арқылы абырой биігіне көтерілген Серік Бегманов туралы болмақ.
Көп сөйлемейтін, бар болмысы тынымсыз еңбегінен байқалатын С.Әбдіқадырұлы 1958 жылы бұрынғы «Гигант» қазіргі «Бәйтерек» ауылдық округінде дүниеге келген. Ауылдастарының айтуын­ша, бала күнінде бірде қырман басындағы қызу тірлікке араласса, бірде жайлау төсінде шопандармен бірге жүретін. Содан болар, әр істің жөнін, жосығын біліп, мектеп қабырғасында да қатарларының алды болған. Сыныптастары оны еңбекқор, білімдар, жанашыр, мейірбан дос ретінде үнемі мақтап отырады. Жастайынан еңбекке араласып, аға буындармен бірдей ауыл шаруашылық жұмыстарына белсене араласқан ол 1975 жылы 10 жылдықты бітіріп, білім іздеп Самарқан қаласына аттанады. Ондағы «ЗАБЕТ» аграрлық колледжіне «Мал шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1978 жылы тәмамдайды. Қолына дипломын ұстаған жас маман бірден колхоз жұмысына араласады. Еңбек жолын қарапайым шаруа болып бастаған Серік тынымсыз еңбек пен тиянақты жұмысының арқасында сатылап көтеріледі. Расында, кез келген кісіні абырой мен даңқтың биігіне асқақтатып шығаратын оның еткен еңбегі, ел алғысы және өзінің адамгершілік болмысы екені белгілі. Төрт түліктің бабын, шаруаның жөнін білетін Серік Бегманов шаруа қожалық жұмысын жүйелендіре түседі. Тіпті, «Гигант» шаруа қожалығында мал басын арттырып, елдегі шаруашылықтың шатқаяқтап шетте қалмауы үшін тер төкті. Қызмет жолында алдына айқын мақсат қойып, жыл сайын үздік нәтижеге қол жеткізеді. Осы қызметте табан аудармастан 20 жыл жұмыс істеді.
Еңбек майданында шыныққан Серік ­Бегманов мал шаруашылығымен қатар егіннің де жайын біледі. Ол 1998 жылдан бастап, күні бүгінге дейін «Бидайкөл» шаруа қожалығында звено жетекшісі қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Иә, бұл күндері күрішші Серік әбден ысылған, еңбектің тәтті дәмін сезінген, өзге де кәнігі диқандар сияқты күріш суғару, су деңгейін бір қалыпты ұстау тәсілдерін толық игерген. Тіпті, су деңгейін көз таразысымен мөлшерлейтін дәрежеге жетті. Байырғы дихандардан, тәжірибелі аға-апаларынан күріш өсірудің қыры мен сырын жақсы меңгерді, ауыл шаруашылығының білгір маманы, күріш өсірудің шебері болып қалыптасты. Бүгінде пайғамбар жасына келіп, зейнетке шыққалы отырған Серік Әбдіқадырұлының кiсiлiгi мен кiшiлiгi бiр басына жетерлiк. Көп сөзден гөрі іске жақын ел ағасы өзі туралы көп әңгіме қозғағысы жоқ. Сонда да болса еңбек адамының болмысын ашуға тырыстық. Өмірінде талай жақсы-жайсаң жандармен жолығысып, тәжірибе де алмасты.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, әке жолын жалғаған Серіктің еңбек жолы осылай өріліпті. Әкесі Әбдіқадыр ақсақал жылқышы, кейіннен колхозда сыйлы бригадир болса, анасы Әшіркүл колхозда сауыншы болып жұмыс істеді. Ата-ананың берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесінің арқасында балалары парасатты азамат болып өсті. Кейіпкеріміз Серік аға үйдің тұңғышы соңынан сегіз бауыры ерді. Бүгінде бір әулеттің үлкені, ағайын-туыстың жанашыры, қамқоршысы. 1984 жылы Ақмарал апаймен шаңырақ көтеріп, бес перзент сүйді. Балаларының алды Сәкен заңгер саласында, екінші ұлы Мұхтар механик, үшінші төртінші қыздары Жанар мен Шынар мейірбеке, кенжелері Берік орман шаруашылығында жұмыс істейді. Мерейі тасыған Серік 5 баласынан 11 немере сүйіп отыр.
Еліне адал қызметті өзіне парыз, міндет санап, көп жылғы ерен еңбегі мен төгілген маңдай терін халқына арнаған Серік аға барлық істе белсенділік танытып жүр. Жуырда ғана «Елеулі еңбегі үшін» медалі және Ы.Жақаевтың 130 жылдығы медалімен марапатталды. Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе. Міне, еңбек майданында сүрініп көрмеген, бүгіліп көрмеген азаматтың өмірлік жолы осындай өнегеге толы.

Ш.Тілеубаев
21 желтоқсан 2021 ж. 465 0