Бір ән, жүздеген мың көрермен
Кейде көпшіліктің назарын аудару үшін ұзақ уақыттың қажеті жоқ. Шынайы өнер мен жүректен шыққан орындау бір сәттің өзінде-ақ талай жанның көңілінен орын табуы мүмкін. Бұған Шиелі өңірінің алты жасар тұрғыны Әбілмансұр Әбутәліптің әлеуметтік желідегі күтпеген танымалдығы дәлел.Биыл Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектептің табалдырығын аттаған Әбілмансұрдың өнерге деген ынтасы қазір ғана пайда болған жоқ. Оның бойындағы бұл бейімділік 2 жасынан байқалған. Кішкентайынан әнге әуестеніп, өлең жаттап, көпшілік алдында өнер көрсетуге қызыққан. Балабақшадағы түрлі мерекелік кеште белсенділік танытып, алғашқы сахналық тәжірибесін кенттегі «Бегайна» балабақшасында жинақтады.
Бала күнінен қалыптасқан әдет уақыт өте келе нақты нәтижеге ұласты. Алты жасар Әбілмансұр бүгінде республикалық деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген жас талапкер. Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жапырақ жүрек» республикалық балалар мен жасөспірімдер өнер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша І орын иеленді. Ал қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың мұрасын насихаттауға бағытталған республикалық «Мағжан оқулары» конкурсында топ жарып, І дәрежелі жүлдеге ие болды.
Әдеби шығармаларды мәнерлеп оқу арқылы сөз қадірін танып келе жатқан жас өреннің әнге де ықыласы ерекше. Оның өнердегі кезекті қадамы көпшілікке мектеп сахнасынан көрінді. Білім күніне арналған мерекелік шарада ол Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші әрі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады. Анасы Айгерім Қабылова сол сәтті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген.
Көп ұзамай қарапайым ғана мектеп шарасынан түсірілген бейнежазба кең аудиторияға жетті. Аз уақыт ішінде ролик 730 мыңға жуық қаралым жинап, мыңдаған пікірге ие болды. Көрерменнің басым бөлігі кішкентай орындаушының дауыс мәнеріне, сахнадағы жинақылығына сүйсініп, ақжолтай тілектерін білдірген.
Бірі «өнерің өрге жүзсін» десе, енді бірі балаға қолдау көрсетудің маңызын атап өткен. Әсіресе «Атамекен» секілді елдік мазмұны терең шығарманы бүлдіршіннің ықыласпен жеткізуі көпшілікке ерекше әсер қалдырған.
Кейіпкеріміздің шығармашылық жолына отбасының ықпалы зор. Әкесі Ержан Әміров – танымал айтыскер ақын, суырыпсалма өнердің жарқын өкілі. Әке тәрбиесі арқылы сөз өнерінің қыр-сырын көріп өсіп келе жатқан баланың анасы Айгерім Қабылова да ұлының әр бастамасына жан-жақты демеу көрсетіп келеді.
Анасының айтуынша, баланың өнерге деген қызығушылығы өте ерте басталған.
– Екі жасынан бастап әнге ерекше әуес болды. Үйде естіген әуендерді қайталап, өлең жаттауға қызығатын. Кейін балабақшадағы шараларға белсенді араласа бастады. Қазір де өзі қалаған кезде ән айтып, өлең оқиды. Біз үшін ең маңыздысы – оның өнерден ләззат алып, өзіне ұнайтын дүниемен айналысуы, – дейді анасы қуана.
Ата-анасы баласының болашағын бір ғана бағытпен шектеп отырған жоқ. Олардың басты ұстанымы – баланың қызығушылығын қолдау, білім алуына жағдай жасау және табиғи қабілетін дамытуға мүмкіндік беру. Әбілмансұрдың өнердегі жолында айтулы адамдардың қолдауы да бар. Танымал қазақстандық айтыскер ақын, «Алтын домбыра» республикалық айтысының жүлдегері, «Айтыстың ақтаңгері» атанған өнерпаз әрі тележүргізуші Мейірбек Сұлтанхан жас өреннің тұсауын кескен.
Бұл – Әбілмансұр үшін үлкен өнер жолындағы алғашқы символдық қадамдардың бірі. Өйткені қазақы ортада тұсаукесер – баланың алдағы сапарына ақ жол тілеудің, жақсы ниет білдірудің белгісі.
Бос уақытында балық аулағанды ұнататын Әбілмансұрдың табиғатқа да қызығушылығы бар. Бір жағында мектептегі сабақ, екінші жағында өлең мен ән, одан бөлек өзіне ұнайтын қарапайым балалық қызығушылықтары қатар өріліп келеді.
Алты жасар баланың бүгінгі жетістігіне қарап, оның келешегін кесіп айту ерте. Өйткені бала үшін алда әлі талай таңдау, талай ізденіс бар. Бүгінгі сахна – оның үлкен сапарының бастау нүктесі ғана. Дегенмен екі жасынан өнерге ынта танытып, алты жасында республикалық байқаулардан жүлде алған, бір әнімен жүздеген мың көрерменнің назарын аударған Әбілмансұр Ержанұлының бойындағы талпыныс назар аударуға тұрарлық.
А.ИБРАШЕВА







