ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ШЕКСІЗ РИЗАМЫН

Қазақ жері тарихи кезеңдерде репрессияның ауыр зардаптарын тартқан, күшпен өз жерінен аударылған түрлі этнос өкілдеріне пана болған. Қазақ халқы сол қиын-қыстау сәттерде өзге ұлт өкілдеріне қиыншылықтарын бірге бөлісіп, қол ұшын берді. Бұл – қазақ халқының қонақжайлығы мен мейірімділігінің көрінісі. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде, бірлік пен татулықта ғұмыр кешіп келеді. Ал Алғыс айту күні – бұл этностардың қазақ халқына деген ерекше құрметі мен шексіз алғысының белгісі. Шешен ұлтының өкілі Сайдселим Хазуев 1967 жылы 4 қазанда киелі Шиелі топырағында дүние жарығына келген. 1984 жылы Ковтунов атындағы №252 орта мектепті тәмамдап, өмірінің үлкен бөлігін темір жол саласына арнады. Қазіргі таңда аталған салада 28 жылдық тәжірибесі бар. Ол бүгінгі мерекенің мән-маңызы туралы: – Алғыс айту күні – әртүрлі ұлт өкілін бірбіріне жақындастырып, оларды бір ата-ананың балаларындай бірлік пен ынтымақтастыққа бастайтын айрықша күн. Бұл күні Қазақстанда тұратын 130 ұлт өкілі өздерінің жүрекжарды алғыстарын қазақ халқына арнайды. Мерекенің ауқымы жылдан-жылға кеңейіп, оны атап өту дәстүрі тереңдеп келеді, – деп атап өтті. Оның еңбегі тек уақытпен өлшенбейді. Ұзақ жылдар бойы ҚТЖ-дан алған марапаттары мен алғыс хаттары оның адал еңбегі. Жұмысқа деген жоғары жауапкершілігі мен адалдығы оны әріптестері арасында құрметке бөледі. Сайдселим Хазуев отбасында нағыз қамқор әке. Өйткені ол екі қызына тәрбиелі және бақытты өмір сүру жолын көрсетіп келеді. Кейіпкеріміз бұл күнді қазақ халқына, қазақ жеріне деген шексіз алғыс ретінде атап өтеді. Ол өзге этностардың қазақ халқына деген ризашылығын шынайы жүрекпен жеткізді. – Б ұ л – о р т а қ т а р и х ы м ы з ғ а , б і р шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтың бір-біріне деген құрметінің айғағы. Сондай-ақ қазақ жеріне, киелі Қазақ еліне деген шексіз алғыстың белгісі. Бұл мереке мен үшін ең алдымен қазақ халқына, қазақ жеріне алғыс айтуға мүмкіндік береді. Қандай да қиын кезеңдерде қазақ халқы ешкімді ұлтқа, дінге бөлмей, барын бөлісіп, жанын салып қолдау көрсетті. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап пана тапқан көптеген этнос өкілі қазақ халқына шексіз ризашылықтарын білдіреді. Бүгінде біздің ұрпағымыз Қазақстанды өз Отаны деп санайды, – дейді. Ақиқатында, бұл мереке қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қонақжайлылығы мен достығын, қайырымдылығын кеңінен насихаттайтын күн. Сондай-ақ біз кешегі аумалы-төкпелі уақыттың ауыр сынақтарын еске ала отырып, бүгінгі күні еліміздегі этностар арасындағы бірлік пен татулықтың қадірін түсініп, бейбітшілікті сақтау қажеттілігін сезінуіміз керек. Барлық этностың бір шаңырақ астында, ынтымақпен өмір сүріп жатқанымыз – қазақ халқының ғаламат мейірімінің, кең пейілі мен елге деген адалдығының айқын дәлелі.
С.МАДИЯРОВА