Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАП ОҚИТЫН ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

КІТАП ОҚИТЫН ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Кейде бір ұлттың рухани ­ахуалын білу үшін ұзақ сауалнама жүргізудің қажеті жоқ. Кітапханаға кіріп, сөрелердің арасындағы тыныштыққа құлақ түрсеңіз жетіп жатыр. Қай кітаптың парағы көп ақтарылғанын, қай автордың аты жиі аталғанын, балалардың қай бөлімге көбірек аялдайтынын байқасаңыз, сол қоғамның ойлау деңгейін де шамалауға болады. Өйткені кітап – жай ғана қағазға түскен сөз емес, ұлттың жады, адамның ішкі әлемі, қоғамның ойлау мәдениеті.
Бүгін кітап туралы сөз қозғаудың жөні бөлек. Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасының жаңа кезеңі басталды. 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың наурызына дейін жалғасатын республикалық марафонға еліміздің барлық өңірінен оқырман қатысып, 15 кітап оқып, пікір алмасып, зияткерлік сайыстарға қатысады. Жоба жеті бағытты қамтиды: мектеп, колледж, университет, педагог, әулет, мемлекеттік қызметші және зияткер. Яғни кітап белгілі бір мамандықтың немесе жастың еншісіндегі дүние емес, қоғамның ортақ рухани кеңістігіне айналуы көзделіп отыр. Мұның астарында үлкен мақсат жатыр. Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосу. Бұл – жай статистикалық меже емес, ұлттық мінезге қатысты мәселе. Көп оқитын адам көп біледі деген қарапайым ұғымнан әлдеқайда терең. Кітап оқыған адам салыстырады, күмәнданады, сұрақ қояды, жауап іздейді. Біреудің айтқанына бірден илана салмайды. Демек, кітап оқитын қоғам – ойланатын қоғам. Ал ойланатын қоғам ғана өз тағдырын өзі таразылап, болашағын өзі бағдарлай алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кітап оқу мәселесін қоғамның интеллектуалдық қауіпсіздігімен сабақтастырып келеді. ­Президент қазіргі таңда интернеттің адамды ұзақ мәтін, кітап пен мақала оқудан алыстатқанын айтып, «кітап оқу керек» деп нақты тапсырма беруі тегін емес. Оған қоса ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы кітаптың «білім бұлағы әрі тәлімгер» ретіндегі маңызы әлі де жойылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, кітап оқыған сайын адамның танымы тереңдеп, дүниетанымы кеңейеді.
Бұл – бүгінгі уақыттың шындығына айтылған сөз. Біз экранға үңілген дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ақпарат бұрынғыдан әлдеқайда көп, бірақ ойға тоқу бұрынғыдай оңай емес. Бір минуттық бейне, бірнеше жолдық жазба, жылдам тараған пікір адамның назарын өзіне байлап алады. Ал кітап асықпайды. Ол оқырманды да асықтырмайды. Бір сөйлемге қайта оралуға, бір ойдың түбіне үңілуге, кейде тіпті үнсіз қалуға мәжбүрлейді. Кітаптың құдіреті де осында. Ол адамға дайын ой бермейді, ойлануға үйретеді. Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген. Талапсыздықтың бір көрінісі – рухани ізденістен қол үзу. Ал кітап – ізденістің ең сенімді серігі. Абайдың өзі адамды «толық адам» болуға үндегенде ақыл, қайрат, жүрек үйлесімін алға шығарды. Сол үйлесімге бастайтын жолдың бірі – оқу. Шәкәрімнің «Ар ілімі» де адамның өзін тануына, ішкі тазалығына, жауапкершілігіне шақырады. Мұндай ойлардың бәрі кітап бетінде ұрпақтан ұрпаққа көшіп келеді.
Кітапхана осы рухани жалғастықтың қарапайым ғана мекені болып көрінгенімен, шын мәнінде, оның жүгі ауыр. Кітапханашының жұмысын сырт көз кейде кітап беру, кітап қабылдау, оқырман тіркеумен ғана шектейді. Ал кітапханашы үшін әр келген адамның кітап таңдауынан оның жан дүниесіне қатысты бір белгі байқалады. Бір бала қиял-ғажайып әдебиет іздейді, енді бірі тарихқа қызығады, үшіншісі өзіне өмірлік бағыт беретін кітап сұрайды. Біреуі көп сөйлемейді, бірақ аптасына бір рет келіп, үнсіз ғана кітап алып кетеді. Оның өзі – кітапхана үшін үлкен қуаныш.
Өйткені кітапханашы кітап пен оқырманның арасындағы дәнекер ғана емес. Ол – рухани бағдар беруші. Жақсы кітапханашы баланың қолына кез келген кітапты ұстата салмайды. Оның жасын, қызығушылығын, мінезін, сұрағын аңғарады. Кейде бір ғана дұрыс ұсыныс баланың кітапқа деген көзқарасын өзгертіп жібереді. Бүгін ертегі іздеп келген оқырман ертең әдебиетке, одан кейін тарихқа, ғылымға бет бұруы мүмкін. Бір кітап – бір тағдырдың бұрылыс нүктесі болуы ғажап емес. Сондықтан кітапхананы тек сөрелер тұрған орын деп қабылдау – оның табиғатын түсінбеу. Заманауи кітапхана – қоғамның интеллектуалдық тыныс алатын кеңістігі. Мұнда кітаппен бірге пікір, кездесу, сұхбат, ізденіс, пікірталас өмір сүруі керек. Президенттің 2026 жылғы 16 мамырдағы Жарлығында да жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық құралдарды кеңінен қолдану, ұлттық әдеби мұраны насихаттау міндеттері белгіленді. Сонымен бірге Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру көзделген.
Бұл – кітапханашы еңбегіне қойылатын талаптың да өзгеретінін көрсетеді. Бұрын оқырман кітапханаға келетін болса, енді кітапхана оқырманға жақындауы керек. Әлеуметтік желіде кітап насихаттау, әдеби клубтар ұйымдастыру, жас оқырманмен жаңа форматта жұмыс істеу, цифрлық ресурстарды меңгеру – мұның бәрі бүгінгі кітапханашының кәсіби болмысына айналуы тиіс. Бірақ технология қанша жерден дамыса да, кітапханашының адаммен тіл табысатын жылы сөзі мен оқырманға деген ықыласын ешбір алгоритм алмастыра алмайды.
Кітаптың адамды өзгертетін тағы бір қасиеті – оның жалғыздықты серіксіз қалдырмайтыны. Кейде адам ешкімге айта алмай жүрген сұрағының жауабын кітаптан табады. Тіпті көңілге түскен жараны бір ауыз сөйлем емдейді. Кейде жылдар бойы іздеген ойыңды өзіңнен бұрын бір жазушы айтып қойғанын түсінесің. Сол сәтте кітап пен оқырман арасында көзге көрінбейтін көпір пайда болады. Ұлттың рухани деңгейі де осындай мыңдаған көрінбейтін көпірден құралады. Әкесі баласына кітап ұсынса, мұғалімі оқушысына шығарма оқытса, кітапханашы жас оқырманға дұрыс бағыт берсе, мемлекеттік қызметші жұмысынан кейін кітап парақтаса, отбасыда әдеби шығарма туралы әңгіме айтылса – қоғамның мәдени коды біртіндеп өзгереді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының мәні де осында. Ол кітап оқуды жарысқа айналдыру үшін емес, оқуды әдетке айналдыру үшін қажет. Жобаның ресми тұжырымдамасында оның бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді қозғалыс екені айтылады. 2025 жылғы пилоттық кезеңде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жобаға 189 мыңнан астам адам қатысқан. Енді бастама бүкіл елді қамтуға бағыт алып отыр. Мұнда бір нәрсені естен шығармаған жөн: кітап оқу – міндет үшін оқылатын науқандық шаруа емес. Он бес кітапты оқып шығу – меженің бірі ғана. Ең маңыздысы – он бес кітаптан кейін адамның ойын­да не өзгерді? Ол өзіне қандай сұрақ қойды? Бала ата-анасымен қандай әңгіме бастады? Мұғалім оқушысының мінезінен қандай өзгеріс байқады? Кітапханашы бұрын кітапханаға келмейтін қанша жасты оқырман қатарына қоса алды? Міне, жобаның шынайы нәтижесі осылардан көрінеді.
Кітап оқитын ұлт дегеніміз – қолында кітабы бар адамдардың көптігі ғана емес. Бұл – сөзіне жауап беретін, пікірін дәлелдей алатын, өзгенің ойын тыңдайтын, тарихын білетін, болашағын ойлайтын азаматтардың көптігі. Мұндай қоғамда кітапхана – тыныш ғимарат емес, ұлттың ойлау мәдениеті қалыптасатын шеберханаға айналады. Жоғарыда атап өткеніміздей кітап оқитын елдің ең үлкен капиталы – оның ойлайтын адамы. Ал ойлайтын адам бар жерде үміт те, өркениет те, болашақ та бар.

Г.Исаханова,
кітапханашы
15 қыркүйек 2026 ж. 37 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930