Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айна алдындағы үлкен нарық

Айна алдындағы үлкен нарық

Адам айна алдына көбіне өзіндегі өзгерісті көру үшін келеді. Бірі шаш үлгісін жаңартқысы келеді, бірі сәнге ілеседі, енді бірі өзіне көңіл бөлуді қалайды. Сырт көзге қарапайым көрінетін сәттің ар жағында шебердің ептілігі, жылдар бойы жинаған тәжірибесі, адамның талғамын түсіну қабілеті тұр. Уақыт өте келе осындай еңбектің өзі сұранысы қалыптасқан үлкен кәсіпке айналды.
13 қыркүйекте бірқатар елде кәсіби әрі бейресми дата ретінде аталып өтетін Шаштаразшылар күні болды. Атаулы күн күнделікті еңбегі көзге бірден байқала бермейтін, алайда адамның көңіл күйі мен сыртқы келбетіне өзіндік әсер ететін мамандарға назар аударуға себеп болды.
Шаштараздық өнердің тарихы да тым әріде жатыр. Ежелгі Мысырда адамдар шаш күтіміне ерекше мән берген болса, ежелгі Грекияда арнайы сән орындары қалыптасқан. Кейін шаштараздық біртіндеп жеке мамандыққа айналып, уақыт өте арнайы білім мен шеберлікті қажет ететін кәсіп ретінде орнықты.
Қазір шаштараз дегенде тек шаш қиятын маманды елестету аздық етеді. Ол – тұтынушының қалауын тыңдайтын, сәндегі өзгерістерді бақылап отыратын, адамның бет-бейнесі мен болмысына сай шаш үлгісін ұсына алатын шебер. Әсіресе соңғы жылдары шаш сәні адамның сыртқы келбетінің ғана емес, өзін танытуының да бір бөлігіне айналды.
Қазақстанда аталған саланың ауқымы да кеңейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы еліміздегі сұлулық индустриясында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 127,3 млрд теңгеге жеткен. Оның 67,5 млрд теңгесі шаштараз қызметтеріне тиесілі. Бір жыл ішінде көрсеткіш 5,3 пайызға өскен. Ауылдық жерлердегі шаштараз қызметтерінің көлемі 34,3 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 4,2 пайыз артқан.
Бағадағы өзгеріс те саланың қозғалысын аңғартады. 2026 жылдың мамырындағы мәлімет бойынша Қазақстанда әйелдер шаш қиюының орташа бағасы 4,8 мың теңге, ерлердікі 3,4 мың теңге шамасында болған. Бір жылда әйелдер шаш қиюы 16 пайызға, ерлер шаш қиюы 17,2 пайызға қымбаттаған.
Әрине, республикалық орташа баға барлық өңірдегі нақты құнды білдірмейді. Қызмет ақысы қалаға, салонның деңгейіне, шебердің тәжірибесіне және орындалатын жұмыс түріне қарай өзгереді. Дегенмен көрсеткіштер халықтың шаштараз қызметіне деген сұранысы тұрақты екенін аңғартады.
Шетел тәжірибесіне көз салсақ, шаштараздық әлдеқашан күнделікті тұрмыстық қызмет шеңберінен шыққанын байқаймыз. Көп елде мамандар жеке бренд қалыптастырып, белгілі бір бағытқа маманданады. Ерлерге арналған «barber-shop», әйелдерге арналған «stylist» бағыттары бөлек дамып, алдын ала жазылу, жеке кеңес беру, авторлық шаш үлгісін жасау секілді қызметтер кең тараған. Қазақстанда да осындай үрдіс біртіндеп орнығып келеді.
Қызылорда өңірінде де шаштараз қызметіне сұраныс бар. 2026 жылғы деректер бойынша облыс орталығында әйелдер мен ерлерге арналған шаш қию қызметтерінің бағасы әр деңгейде қалыптасқан. Ал Шиелі ауданында қызмет түрлерінің көбейіп, тұрғындарға ұсынылатын таңдау мүмкіндігінің артқаны байқалады.
Шиелінің өзінде әйелдерге арналған сұлулық салондары мен шаштараздар қатарында ­«Даниал», «Дана», «Jadilek», «Love studio», «Көркем», «Nur-Dana», «Moldir Sarmoldayeva», «Мадонна» сынды орындар бар. Кейбірінде шаш қиюмен қатар шаш өру, кешкі және тойға арналған үлгі жасау секілді қызметтер көрсетіледі.
Мәселен, «Даниал» салонында әйелдер мен ерлердің шаш қию бағасы шаштың ұзындығы мен таңдалған үлгіге қарай 3000 теңгеден басталады. Балалар шаш қиюы, сақал-мұрт реттеу, шаш өру, шаш өсіру, той және кешкі шаш үлгілерін жасау сияқты қызметтер де ұсынылады. Қызмет түрінің көбеюі тұрғындардың талғамы мен сұранысының да өзгергенін аңғартады.
Ерлерге арналған шаштараздар да жеке бағыт ретінде қалыптасып келеді. Шиеліде «In-Yan», «Barbershop», «Adilet», «Elegant», «Ali» секілді шаштараздар бар. Қызмет құны да әртүрлі. Кейбірінде ерлер шаш қиюы 4000-5000 теңгеден басталса, кейбір шаштараздарда баға әлдеқайда қолжетімді. Бір ауданның өзінде қызмет көрсету форматы мен баға деңгейінің әркелкі болуы бәсекенің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен, Шиеліде шаштараз қызметі тек заманауи салондармен шектелмейді. Қарапайым әрі қолжетімді баға ұсынатын шеберлер де бар. Біз барған «Айдын» шаштаразында ересектердің шаш қиюы – 1500 теңге, балалардікі – 1000 теңге.
Осы жерде 33 жыл бойы қайшы мен тарақты серік еткен Бағдат Ахметовтің еңбегін айтпай кету мүмкін емес.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде талай адамның шашын қиып, талай буынның өзгерісін көрген шебер үшін шаштараздық күнделікті жұмыстан әлдеқайда биік. Кәсіптің ең маңызды тұстарының бірі – клиент сенімі. Бір рет келген адам қайта айналып соқса, жылдар өте оның баласы да шебер алдына отырса, еңбектің бағаланғаны сол.
Ол үлкен кісілерді ерекше құрметтейді. Қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдеріне шашын тегін алып беретінін айтады. Ал жеңілдік мәселесін де әр жағдайға қарай өзі шешеді. «Жеңілдік бағасын өзім қоямын» деген сөзі шебердің кәсібіне деген қарапайым ұстанымын аңғартады.
Шаштараздың жұмысы сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда күн сайын түрлі мінезді, түрлі талғамдағы адамдармен тіл табысу, олардың қалауын түсіну, ойындағысын дәл жеткізу оңай емес. Бір клиент нақты үлгі сұраса, енді бірі шебердің кеңесіне сүйенеді. Сондықтан кәсіби шеберлікпен қатар адаммен жұмыс істей білу де маңызды.
Уақыт өзгерген сайын маманға қойылатын талап та жаңарды. Бұрын жақсы шаш қиюдың өзі жеткілікті болса, қазір құралдардың тазалығы, қызмет көрсету мәдениеті, жаңа үлгілерден хабардар болу, клиенттің уақытын бағалау, әлеуметтік желі арқылы еңбегін таныта білу маңызды. Сапалы жұмыс жаңа клиентке жол ашса, тұрақты қызмет тұрақты табысқа айналады.
Шиелі халқының талғамы да әртүрлі. Біреу үшін ең маңыздысы – қолжетімді баға. Біреу жылдар бойы сенім артқан шеберінен айнымайды. Ал енді бірі заманауи салондағы жаңа қызметтерді таңдайды. Үш түрлі сұраныстың қатар қалыптасуы ауданның өзінде шаштараз қызметінің бірнеше бағытқа бөлініп келе жатқанын көрсетеді.
Айнаға қараған адам ең алдымен өз бейнесін көреді. Ал сол бейненің өзгеруіне себепші болған шебер айнадан көрінбейді. Оның еңбегі қайшының әр қимылында, тарақтың қозғалысында, клиенттің көңілінен шыққан нәтижесінде қалады.
Шаштараздықтың қадірі де осында. Сала сәнге ғана қызмет етпейді, адаммен тікелей жұмыс істейтін мамандық ретінде де бағалы. Айна алдындағы бірнеше минуттың ар жағында жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, күнделікті еңбек, талғамға бейімделу және өз орнын тапқан тұтас кәсіп бар.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2026 ж. 34 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930