Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНА МЕЙІРІМІНЕН БАСТАЛҒАН КӘСІП

АНА МЕЙІРІМІНЕН БАСТАЛҒАН КӘСІП

Таң қылаң бере Шиелідегі шағын аулада тіршілік басталып кетеді. Қора ішіндегі балапандардың шиқылы, жем салған ыдыстардың сыңғыры, ары-бері қарбаласқан балалардың қимылы – мұндағы күнделікті көрініс. Бұл – көпбалалы ана Ұлмекен Сариеваның бірнеше жылдан бері маңдай терімен айналысып келе жатқан кәсібі.

Бүгінде «Нұрқазына» атауымен танылып үлгерген шағын шаруашылықтың тарихы табыс табудан емес, ана жүрегіндегі алаңнан басталған. Қызының денсаулығы сыр берген кезде дәрігерлер құс етінің сорпасын ішуді ұсынады. Алайда сырттан алынған өнім отбасының көңілінен шықпайды. Сол сәттен бастап көпбалалы ана өзі құс асырауға бел буады. – Дәрігерлер құс сорпасын ішсін деді. Бірақ базардан алған тауықтың дәмі де, сапасы да ұнамады. Қызым да жемей қойды. Сол кезде интернеттен қарап, өзім асырап көруге шешім қабылдадым, – дейді кейіпкер. Осыдан кейін интернеттен құс бағудың қырсырын зерттей бастайды. Бір апта бойы түрлі мәлімет қарап, тәуекелге бел буып, алғашқы 50 балапанды сатып алады. Сол күннен бастап ауладағы тіршілік мүлде өзгерген. Алғашқы уақытта таңнан кешке дейін қора маңынан шықпайтын күндері көп болған. Себебі бройлер құсы ерекше күтімді қажет етеді. Қыста жылы ұстау керек, жазда ыстықтан қорғау қажет. Уақытылы жем берілмесе немесе күтімі кем болса, оның бәрі бірден әсер етеді. Соған қарамастан ана қиындыққа мойымаған. Керісінше, бұл іске қызығушылығы арта түскен. – Алғашында қорқыныш болды. Бірақ әр нәрсені үйрене бастадым. Қазір құс бағудың барлық процесін білемін. Қыста қораның жылуын сақтаймын, жазда салқын болуын қадағалаймын. Әр құстың бабына қарауға тырысамын, – деді ол. Ең алғашқы баптап өсірген құстың сорпасын қызына береді. Уақыт өте келе дәрігерлер де оң өзгерісті байқай бастайды. Қызының денсаулығы жақсарған сайын ананың да бұл іске деген сенімі күшейе түседі. Бастапқыда тек отбасы қажеті үшін басталған жұмыс біртіндеп шағын кәсіпке айналады. Алғашқы 50 балапан кейін 70-ке, 100-ге, одан соң 220 басқа дейін көбейген. Бүгінде «Нұрқазына» өнімдерін іздеп тұтынатындар аз емес. Қазір Шиелімен қатар Алматы, Қарағанды, Тараз қалаларынан да тапсырыс түседі. Тұтынушылардың көбі өнімнің табиғилығына ерекше мән береді. Себебі бүгінде химикатсыз, таза өнімге сұраныс артқан. Кәсіп иесінің айтуынша, құс етінің сапасы ең алдымен күтімге байланысты.
Таң ата салысымен қора маңындағы жұмыс басталады. Бірі жем дайындайды, енді бірі суын ауыстырады. Қора тазалығы да күнделікті бақылауда. Бұл жұмыстарға балалары да көмектеседі. Бес баланың анасы үшін отбасының қолдауы үлкен күш береді. Кейіпкер құс шаруашылығын жай ғана табыс көзі деп қабылдамайды. Оның ойынша, адал еңбекпен келген өнім адамның денсаулығына пайдалы болуы керек. – Адамдар табиғи өнім тұтынса екен деймін. Құс етін алғандар қайта хабарласып, алғысын айтып жатады. Кейбірі арнайы іздеп келеді. Осындайда еңбегіңнің ақталғанын сезесің, – дейді көпбалалы ана. Бүгінде шағын шаруашылықтың өз тұтынушылары қалыптасқан. Бір кездері үй ауласында басталған тіршілік қазір бірнеше қалаға танылып отыр. Дегенмен кәсіпкер мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Алдағы уақыттағы басты мақсаты – ферма көлемін кеңейту. Айына мың басқа дейін құс өсіріп, тұрақты өндірісті жолға қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жұмыртқалайтын тауықтарды көбейтіп, табиғи жұмыртқа өндірісін қолға алуды армандайды. Қазіргі басты мәселенің бірі – тұрақты серіктестер табу. Егер өнімді үздіксіз алып отыратын кәсіпкерлер болса, өндірісті ұлғайтуға дайын екенін айтады. Құс бағу сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында күнделікті тынымсыз еңбек жатыр. Әсіресе ауа райының құбылуы, жем бағасының өсуі секілді қиындықтар аз емес. Соған қарамастан кейіпкеріміз ешқашан мойымағанын айтады. Өйткені бұл істің бастауында ана мейірімі тұр. Ал қарапайым ауладан басталған еңбек адал кәсіптің үлгісін көрсетіп отыр.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

19 мамыр 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (9404).

19 мамыр 2026 ж.

№36 (9403).

16 мамыр 2026 ж.

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031