Алматы облысында төсекке таңылған 19 жастағы жігіт көмекке мұқтаж
Алматы облысында 19 жастағы жігіт бір жарым жылдан бері төсек тартып жатыр. Аурудың басы арқасы ауырғаннан басталған, деп хабарлайды КТК.
Нұрсұлтан Оразбекке дәрігерлер омыртқааралық жарық диагнозын қойған. Алайда жасөспірім ем алаған сайын денсаулығы нашарлап кетті. Басы ауырып, жүре алмай қалды. Қазақстандық дәрігерлер оның себебін таба алмады. Ал, корейлік дәрігерлер жұлынның зақымдануы деген диагноз қойды.Нұрсұлтан Оразбектің үнемі басы мен жамбасы ауырады. Ауырсынуды басатын дәрілер қазір көмектеспейді. Жатып тамақ ішіп, жатып жуынады. Әкесі алматылық дәрігерлердің емінен кейін ауруы асқынып кетті деп отыр.
“Үшінші емінен кейін басы ауыра бастады. Дәргерлер мұның уақытша екенін айтты. Бірақ ауруы асқына берді. Ұлымның арқасынан сұйықтық алды. Сол кезде ол құлап қалды. Ауыр күйде алып кеттік. Дәрігерлер церебральді қан кету деп диагноз қойды. “, – дейді Қасымхан Ахметов.
Ауруы асқынған соң ата-анасы дәрігерлердің атын полицияға арыз жазған.
“Іске қатысты тексеру жүрді. Денсаулық сақтау басқармасының берген медициналық ақпаратына сәйкес шешім қабылдаймыз. Егер дәрігерлердің кінәсі толық жазылса онда “Медицина қызметкерінің өз міндетін дұрыс орындамауы” бабы бойынша тергеу жүреді”, – дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Нұрсұлтанға ота жасауға 30 мың франк (11 млн теңгеден астам)керек. Ата-анасында ондай ақша жоқ. Отаны Швейцарияда жасайды. Отбасы жомарт жандардан көмек күтеді.
Stan.kz