Грант ұтып, бизнес бастаған ана
Кейде адам өмірінде бір ғана үн бәрін өзгертеді. Ол үн сырттан емес, жүректің түкпірінен шығады. Айдана Бүркітбайқызы үшін сол үн – аналық жауапкершілік еді. Ерекше баланы тәрбиелеу – тек мейірім емес, күн сайынғы күрес, сабыр мен сенімнің сыналатын жолы. Айдана бұл жолда мойымады. Керісінше, өз тағдырын өз қолымен өзгертуге бел буды.Күнделікті тіршіліктің арасында, баласының ем-домы, күтімі, уайымы қатар жүрген шақта Айдананың санасында бір ой жиі қылаң беретін: «Өзіме тиесілі шағын болса да кәсібім болса ғой…». Бұл – байлыққа ұмтылған арман емес, жауапкершіліктен туған тілек еді.
Бір күні әлеуметтік желіден көпбалалы аналар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған жандарға арналған мемлекеттік қолдау туралы ақпаратқа көзі түседі. Қайтарымсыз грант арқылы кәсіп бастауға болатыны жазылған сол жарнама оның ішкі қорқынышын жеңуге себеп болды.
– Сол сәтте «мүмкін дәл осы менің мүмкіндігім шығар» деп ойладым. Үйде отырып, қандай істі шын ниетпен атқара алатынымды ойладым, – деп еске алады Айдана. Содан ол іске кірісіп «Бастау Бизнес» онлайн курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Курсты сәтті аяқтап, сертификат алады. Кейін enbek.kz сайты арқылы мемлекеттік грантқа өтініш беріп, комиссия алдында өз бизнес-жоспарын қорғайды. Нәтижесінде мемлекеттік грантты жеңіп алады.
– Комиссияға кіргенде жүрек қатты соқты. Бірақ мен жай ғана жоба емес, өмірімнің бір бөлшегін қорғап тұрғанымды білдім, – дейді күлімсіреп.
Кейіпкеріміз кәсібін жартылай дайын өнімдерден бастады. Бұл бағытты таңдауы да кездейсоқ емес. Үйдің, отбасының дәмін, тазалықты бірінші орынға қойды.
– Өнім адал болуы керек деп шештім. Сондықтан етті өзім таңдаймын, өзім қолдан тартып дайындаймын. Қоспасыз, таза. Әр тұшпарада өз еңбегім бар, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде оның тұшпаралары күніне 8-9 келіге дейін сатылып жатыр. Мұндай нәтиже кәсіптің енді ғана қанат жайып келе жатқанын ескерсек, үлкен жетістік.
Сонымен қатар Айдана «Nur food» атауымен кептірілген жемістер мен дәндер сататын шағын дүкен ашты. Өнімдер Шымкент қаласынан жеткізіледі, ал ол жақтағы қоймаларға тауар тікелей Өзбекстанның Ташкент қаласынан келеді.
– Біздің ауданда табиғи кептірілген жемістер сататын дүкендер өте аз. Ал адамдар қазір пайдалы, таза өнімге бет бұрып жатыр. Сол сұранысты көрдім, – дейді.
Айдана кәсіп бастау жолында жалғыз емес. Оның жанында әрдайым қолдау білдіріп, сенім артатын жақындары бар. Әсіресе жолдасының сенімі мен демеуі оған алға ұмтылуға күш береді. Кейде дәл сол жанындағы бір ауыз сенім, бір сәттік қолдау үлкен шешім қабылдауға себеп болады.
Міне, кейіпкеріміздің кәсіп жолы – еңбекке, үнсіз нәтижеге құрылған. Ол үшін кәсіп табыстың ғана өлшемі емес, өмірді ретке келтіретін тірекке айналды. Қиындықты сылтау емес, қозғаушы күшке айналдырған жан бүгін өз ісінің іргесін нықтап отыр. Бұл – бастамасы бар жол. Ал жолы бар адамның алға басары анық…
Айнұр ИБРАШЕВА
фото автордікі
фото автордікі









