ГИПСТЕН ТҮРЛІ БҰЙЫМ ІСТЕЙДІ. АҚМАРАЛ ҚАЛАЙ КӘСІПКЕР БОЛДЫ?

Солардың бірі – Қызылорда қаласының тумасы, Алғабас ауылының үлгілі келіні Ақмарал Досжан. Онымен әңгімелесіп, кәсібінің қырсырын білу үшін арнайы іздеп барған едік. Ол гипстен түрлі бұйым жасап шығарады. Тауып жатқан пайдасы да көңіл көншітерлік. Ол басында әлеуметтік желіні қарап отырып, осы кәсіпке қызығушылық танытқан. Өзінің бар ынта-жігерімен осы ерекше кәсіпке келген. Сөйтіп, кәсіпті бастауға ақшаны қайдан алуға болатынын іздеп, «Бастау бизнес» жобасы арқылы 1 млн 476 800 теңге көлемінде грантын алып, іске көшкен. – Бизнес жоспар дайындап, дереу құжаттарымды өткіздім. Бағым жанып, бастамам қолдау тапты. Иеленген грант қаражатына гипс өнімдерін белгілі бір пішінге келтіретін қалыптар, бояу шашатын құрылғы сынды керекті нәрселерімді сатып алдым. Міне, енді өз кәсібімді жүргізіп отырмын. Тапсырыс бар, – дейді А.Нұрманқызы. Қазіргі уақытта не көп, той-томалақ көп. Күнделікті болып жататын ірілі-ұсақты мерекелік шаралар жас келіншектің қолға алған кәсібін жүргізіп тұр. Киіз үй, домбыра, жылқы, дос, асық, түйе, сәукеле, бүркіт, торсық, мысық, аю, сандық және тағы басқа бұйымдарды жасайды. Кәсіпкер жасаған бұйым тек елді мекенге ғана емес, еліміздің Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларына да жатыр. – Бастысы, өнім сапалы, сәнді, ерекше және бағасы да қымбат емес. Тиын жинағыш секілді сыйлық ретінде беруге лайықты дүниелерді тұтынушылар сұранысымен шығарып жатырмын. Гипстен бұйымдарды жасағанда ең әуелі бояуына аса мән беремін. Егер бояу тәсілін жақсы білсеңіз, сіздің бұйымыңыз ойдағыдай шығады. Көрмеге де бұйымдарымды қоямын. Әсіресе халық қазақы нақышта жасалған бұйымдарды сатып алады, – дейді жеке кәсіпкер. Кейіпкеріміз алдына мақсат қойып, қабілеті мен ерік-жігерін бір арнаға тоғыстырған жан. Жас та болса үлкен істі бастап отырған Ақмаралдың ісіне тек сәттілік тілейміз.
А.МАХСҰТҚЫЗЫ