Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің көзі – құт-берекенің өзі

Кәсіптің көзі – құт-берекенің өзі


Құс өсіру ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан түрі болған соң, ауданда аталған кәсіп түріне бет бұрып, пайда табамын деушілер қатары көбейіп келеді. Әрине, көл-көсір қаржы түсіретін құстың мамығы – киім-кишек, қауырсыны – көрпе-жастық, саңғырығы – табиғи тыңайтқыш, еті мен жұмыртқасы – диеталық тағам ретінде пайдаланылады. Бір емес бірнеше жақсы тұсын білгендіктен, Теріскейдегі Еңбекші елді мекенінің тұрғыны Айдана Байжан да құс шаруашылығын қолға алған.

– Ауылдағы тіршілік баршаңызға таныс қой. Ата-анамыз бізді жастайымыздан мал бағу, егін егу, құс өсіру т. б. еңбекке баулыды. Оның ішінде маған құс өсірумен айналысқан ерекше ұнайтын. Қазіргі таңда елімізде кез келген кәсіп түрімен айналысамын десең, мүмкіндік мол. Кәсіпкерлікке қолдау бар. Оның дәлелі ретінде өзімді айтсам болады. Мен «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында құжат дайындап, нәтижесінде 252 000 теңге қайтарымсыз ақшаға ие болдым. Кез келген істі бастар алдында, ол сала туралы біліміңді одан әрі жетілдіру керек емес пе? Оқып, үйренгеннен тиер пайда өте мол. Біліміңді жетілдіріп, тәжірибе жинасаң, кәсібіңе деген құлшынысың артпаса, кемімейді. Мен де осы жайтты ескере отырып, «Бизнес Бастау» курсы бойын­ша оқып, арнайы сертификат алдым, – дейді кәсіпкер.
Айдана Байжан құс шаруашылығын дамыту үшін арнайы 2 инкубатор сатып алған. Оның құс өсіретін ауласында 35 қазақы тауық, 7 қаз, 22 үндік бар. Бөдене, үйрек және үндіктің цесарка балапандарын басып өсіріп, сатуға шығарған. Шағын кәсіп иесінің алға қойған мақсаты зор. Соның бірі – ауданда құс өсіру шаруашылығын дамыту. Шаруа жайын сұрағанымызда:
– Адам өзіне ұнаған кәсіппен айналысатын болса, тіпті уақытқа санаспай жұмыс істейді. Өсіріп отырған құс шаруашылығы оң нәтиже көрсету үшін, оған да жасалған жағдай сәйкес болуы шарт. Алдағы уақытта осыған баса назар аударамын. Қазір соған байланыст­ы тәжірибе жинақтап жатырмын. Балапандардың жетілуі мен дамуы бірқалыпты болуы үшін, уақытында жем-суын беріп, қолдан келгенше күтімін жасаймын, – деді А.Байжан.
Еңбек еткен адамның мақсаты айқын болса, табысқа, жетістікке оп-оңай қол жеткізеді. Оның дәлелі ретінде құс өсіруді кіріс көзіне айналдырып отырған кейіпкерімізді айтуға болады. Ол осы аталған кәсіп арқылы аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отыр. Мемлекет осы сияқты басқа да кәсіппен айналысамын деушілерге оңтайлы тұсын ұсынып, қолдау көрсетуде. Ендеше, жас кәсіпкердің алдағы ісіне сәттілік тілеп, еңбегінің жемісін көрсін дегіміз келеді.



Фариза
КЕНЖЕШОВА
03 тамыз 2019 ж. 1 285 0