Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шыңдалған шебер

Шыңдалған шебер

Кейде бір мамандықтың адам өмірімен біте қайнасқаны соншалық, ол кәсіп пен адамның тағдырын бөліп қарау мүмкін емес. Ерғали Әбдіхалықовтың өмір жолы соның айқын дәлелі. Ол отыз жылдан аса уақыт бойы иінді біліктерді жонып, ауыл шаруашылығы техникаларының қайта қатарға қосылуына үлес қосып келеді.
Жөлек ауылының тумасы Ерғали мектепті аяқтаған соң «Сырдария» кеңшарында токарь болып еңбек жолын бастады. Кәсіптің алғашқы әліппесін ол шаруашылықтың машина-трактор шеберханасында еңбек еткен ардагер Ақбай Сатаевтан үйренді. Алайда Отан алдындағы борышын өтеуді парыз санаған бозбала әскер қатарына қосылды. Әскерден оралған соң аудан орталығындағы «Қазсельхозтехника» өндірістік бірлестігіне иінді біліктерді жонушы шәкірті болып жұмысқа орналасты. Бұл жерде де оған жол сілтер ұстаздар табылды. Өз ісінің білгірлері Николай ­Богачкин мен Базарбай Есенов жас маманға кәсіптің қыр-сырын үйретті.
Ерғали ұстаздарының әр сөзін көңіліне тоқып, әр қимылын қалт жібермейді. Жас жігіттің еңбекке деген ынтасы мен зеректігі көп ұзамай өз нәтижесін берді. Небәрі алты айдан кейін ол жұмысты өз бетінше атқара бастады. Содан бері талай жыл өтті. Осы уақыт ішінде шебердің қолынан он мыңнан астам иінді білік өтті. Автокөлік, трактор, күріш жинайтын комбайн қозғалтқыштарының жарамсыз болған бөлшектерін қайта қалпына келтіріп, техникаға екінші тыныс берді. Алайда нарықтың қиын кезеңі келгенде, Ерғалидың да жұмыс орны жабылып қалды. Өзі еңбек еткен ірі жөндеу-техникалық кәсіпорын банкротқа ұшырады. Көп адам үшін мұндай жағдай тығырыққа тірер еді. Ал Ерғали үшін бұл жаңа бастаманың басы болды.
Ол қол қусырып қарап отырмай, өз кәсібін ашты. Бүгінде оның шағын ғана цехы бар. Мұнда токарьлық, бұрғылау, дәнекерлеу жұмыстары орындалады. Ал ең бастысы – ауыл шаруашылығы техникасына қажет бөлшектерді жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары тоқтаған емес.
– Ер азамат үшін жұмыс қашанда табылады. Мен жұмыс іздеп қиналған жоқпын. Керісінше, жұмыс мені іздеп келеді, – дейді Ерғали жымиып. Шынында да, оның сөзіне себеп бар. Шебердің қызметіне сұраныс жоғары. Клиент іздеп ауыл-ауылды аралаудың қажеті жоқ. Жақсы маманның аты өзі-ақ алысқа жетеді. Тапсырыс берушілердің дені шебердің тәжірибесіне сеніп, өздері келеді.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникалары көбейген сайын, оларды жөндейтін мамандарға деген қажеттілік те артып отыр.
– Күн санап аудандағы шағын шаруа қожалықтар іріленіп, материалдық-техникалық мүмкіндіктері артуда. Шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы техникалары көбейді. Бұл біз үшін жақсы мүмкіндік. Тапсырыс та көбейді. Кейде түскен жұмыстарды уақытында орындауға үлгермей қалатын кездерім болады, — дейді кәсіпкер.
Ерғали енді кәсібін кеңейтуді ойлап жүр. Қаражат жинап, иінді біліктерді жонатын жаңа станок сатып алмақ. Цехын кеңейтіп қана қоймай, өз білгенін жастарға үйретуді де жоспарлап отыр. Нағыз маманның қадірі де осында. Өз білгенін өзгеге үйрету де өнер.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
08 қыркүйек 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930