Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » қолы шебер, ісі бекем

қолы шебер, ісі бекем

Өздеріңіз байқағандай, газетімізде кәсіптің қай түрін болсын ұршықша үйіріп, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген жандардың жұмысын қалың көпшілікке ұсынып, көрсетіп келеміз. Бұл жолы да сол ізбен ағаш пен темірге жан бітіріп, тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасап шығарып, өз мамандығының қыр-сырын меңгерген майталманды мақаламызға арқау етпекпіз. Ол – Алғабас ауылының тумасы Шахмардан Жексенбаев
Болмысынан бос сөзге жоқ, кез келген нәрсеге қырағы қарайтын ерекше қасиеті кейіпкерімізді өмірде өз орнын тауып, жүрегі қалаған маман иесі болуға болуға итермеледі. Осылайша «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деп ізденуден де таймады ол. Жастайынан қолынан келген түрлі дүниені жасап, көпшіліктің көңілінен де шығып жүріпті. Ой мен бойды түзеген шақта ата-анасының рұқсатымен өзі қалаған темір жонушы мамандығына түссе, ол бүгінгі таңда нәсібін тауып отырған негізгі кәсібіне айналып отыр.
– Теория арқылы білім жетілтіру бір бөлек, ал оны практика жүзінде іске асыру, тәжірибе жинау мүлдем бөлек әлем. Сондықтан тәуекелге бел байлап, өзіңе ұнаған кәсіппен айналысу қажет секілді. Сол кезде ғана көңілдегі күдік сейіліп, жаның рахат табады. Мамандық – қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбектің маңызды бөлігі емес пе? Мен сол мамандық таңдаудан қателеспегенімді сенімді түрде айта аламын, – дейді кейіпкеріміз.
Бірақ уақыт бізбен санаспайды емес пе? Өмір тосын оқиғаларға толы болады. Ш.Жексенбаев 1998 жылы ойламаған жерде жол апатына түсіп, III топ мүгедегі атанады. Осылайша келеңсіз жайтқа тап болып, аяқтарына зақым келсе де, өмірге деген ұмтылысы оны тек алға қарай жетелейді. Айтуынша, оған ең әуелі отбасы мен жақындарының ықпалы зор болыпты.
– Жол апаты маған оңайға соққан жоқ. Бірақ бір қуанарым, жақындарымның жанашырлығы. Олардың маған білдірген сенімі, қолдауы өмір сүруге деген құштарлығымды арттырды. Тіпті туған бөлем құны 3 млн тұратын темір жонатын құрылғыны сыйға тартты. Арнайы мекемеде табан аудармастан 20 жыл бойы токарь болып қызмет істедім. 2018 жылы денсаулығыма байланысты жұмыстан шығып, 1 жыл үзіліс жасадым. Бірақ ер адамбыз ғой, құр алақан жатқан жарамас деп, 2019 жылы жеке кәсіп бастадым. Үйімнің жанынан цех те ашып алдым. Қазір Аллаға шүкір, кәсібім өрге домалап тұр, – дейді Ш.Ерғазыұлы.
Айта кетейік, жасы 50-ді еңсерген кәсіпкер үй тұрмысына қажетті бұйымның кез келген түрін, көліктердің темірлерін т.б. жасайды. Таңертеңнен кеш қарайғанша уақытпен санаспай, тынбай жұмыс істейді екен. Еңбегінің еленгені ме, өткен жылы Қызылорда қаласындағы көрмеге қолдан шыққан дүниелерін қойып, облыс әкімінің арнайы сертификаты мен ақшалай сыйлығын иемденіп қайтыпты.
Кейіпкерімізбен тілдесу арқылы оның шынайы ниеті мен ақпейіл көңіліне, өз ісіне деген адалдығына, жауапкершілігіне, асқақ арманы мен айқын мақсатына, мамандығына деген махаббатына қарап ерекше сүйсіндік. Әрі оның осындай ізгі қасиеттері талай жетістікке жетелейтініне көзіміз жетті.
Фариза КЕНЖЕШОВА
23 мамыр 2020 ж. 722 0