Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі өнімдінің көңілі тоқ

Еңбегі өнімдінің көңілі тоқ



Көзі қарақты оқырманға газеттің әр нөмірінде жеке кәсіп ашып, сол бойынша нәпақасын тауып жүрген жандардың еңбегін көрсетіп келеміз. Ал бұл жолы жай жатқан ағашқа жан бітіріп, көз жауын алатын бұйымдар жасайтын ағаш шебері жайында айтпақпыз. Мақаламыздың кейіпкері Шиелі кентінің тұрғыны, он саусағынан өнер тамған шебер – Алтай Телжан.
Бала кезінен атасы мен әкесінің ағашты кесіп-жонып, күйдіріп түрлі бұйымдар мен құрал-саймандар жасап жатқанын көріп өскен бала Алтайдың бар ықыласы ұсталыққа ауады. Содан бәрін егжей-тегжейлі үйреніп, жеке өзі 18 жасынан бастап іске кіріседі. Бүгінде жасы 47-ге келген ісмер ағаштан сандық, тұрмысқа тұтынатын бұйымдар мен бірқатар үй жиһаздарын жасайды. Құрал-саймандарын Түркістан қаласынан арнайы алып келеді. Оның осы жолда ізденуден жалықпай, сапалы дүние шығарамын деген мақсаты мен еңбегі үлгі боларлықтай.
– Еңбек ептілікті талап етеді. Қай дүниені де ықылас ниетпен жасамаса, оң нәтижесін бермейді. Бір жағынан жұмысқа деген махаббат болуы керек. Сонда алдыңнан шыққан кез келген қиындыққа мойымай, діттеген мақсатыңа жетесің. Шеберлік – маған қанмен берілген қасиет. Қолөнерге өзімнің кенже баламның талабы бар. Ойын баласы болған соң, әзірше ештеңе үйретіп жатқан жоқпын. Бірақ шеберханам үйдің қасында орналасқандықтан, қай уақытта да қасымнан шықпай, ұсақ-түйек тірлікке көмектесетіні бар. Алдағы уақытта осы баламды қолөнерге баулимын деген ниеттемін, – дейді ұста.
Ағаштан жасалған кез келген дүние сапалы болғандықтан келушілер қатары қалың. Ауданда шебердің қолынан шыққан тауарлар әжептеуір сұранысқа ие десек болады. Бағыты айқын ісмердің айтуынша бір рет тапсырыс берген адам керек дүниесін жасатуға міндетті түрде қайта келеді екен. Бұл – ұстаның сапалы жұмыс істеп, тұтынушылар көңілінен шыққанының белгісі.
– Мен кәсіпкерлікке тіркеліп, мемлекеттен ешқандай көмек алған жоқпын. Ол менің жеке хоббиім десем болады. Осылай ешкімге тәуелді болмай, қалауымша жұмыс кестемді жасап, тапсырысымды уақытылы орындап жүрмін. «Еңбектің наны тәтті» демей ме? Қолымнан келіп тұрғанда неге орындамасқа? Мен өз кәсібімнен ләззат аламын, – дейді А.Телжан.
Иә, ұстаның асқан шыдамдылық пен шығармашылықты талап ететін осынау жұмыспен отбасын асырап жүргеніне 20 жылдан асыпты. Өзгеге алақан жаймай, өз бетінше табыс тауып жүрген кейіпкеріміз секілді азаматтар саны көбейсе, жұмыссыздықтың да саны әжептеуір азаяр еді.
Ал біз табыс табуды көздемей, ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың қолөнерін дамытқысы келетін шебердің ниетіне берсін деп тілейік.

Фариза Кенжешова
28 шілде 2019 ж. 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930