Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы ұста адамның табыс болар серігі

Қолы ұста адамның табыс болар серігі

Ол таң алагеуім көтеріңкі көңіл күйде шеберханасына қарай жол тартады. Содан күн қарайғанша тізесін бір бүкпей, бар күш-жігерін салып, ынты-шынтысымен ағаштан тұрмысқа керекті әртүрлі жиһаз жасайды. Алдына келген кез келген тұтынушының көңілінен шығу үшін тіпті уақытпен де санаспайды. Шеберханасына барып, он саусағынан өнер тамған шебердің жасаған дүниесіне көз жіберсеңіз, басқа әлемге кіргендей боласыз. Бүгінде ол оның сүйікті хоббиіне ғана емес, нәсібін тауып жүрген кәсібіне айналған. Киелі де бірегей ұсталық кәсіпті жанына серік еткен Бауыржан Убадуллаұлының әрбір күні осылай өтеді.
Шебер Досбол би ауылының тумасы. Айтуынша, бұл кәсіпті қолға алғанына да көп болмапты. Өткен жылдың мамыр айында кәсіпкерлік палатасында осы сала бойынша өзінің білімін жетілдіріп, жан-жақты дамытқан. Содан кейін қажетті құжаттарын дайындап, Үкіметтен 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Сөйтіп жиһаз жасайтын құрал-жабдықтарын түгендеп, іске кірісіп кеткен. Осылайша үздіксіз ізденіс оның бизнес әлеміне енуіне сеп болған.
– Ебін тапсаң, кез келген іс өтімді болатынына кәсіппен айналысу арқылы көзім жетті. Сондықтан тек еңбектеніп, алға ұмтылу керек. Өйткені, мен осы уақытқа дейін жалдамалы жұмыс істеп жүрдім. Басшыға да, уақытқа да бағынбай, өз бетіңше жұмыс істеудің рақатын енді сезіндім. Бастағаныма аз ғана уақыт болса да, тұрақты тұтынушыларым қалыптасып үлгерді. Тіпті қазіргі таңда ауданның жартысы таниды десем болады. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, іскерлігімді жетілдіріп, жаңа, тың дүниелермен маған сенім артқан халқымды қуантқым келеді, – дейді кәсіпкер.
Өз кәсібіне адал ұстаның қолынан бүгінде тұрмыстық жиһаздар шығады. Ол өзінің жеке шеберханасын ашуды, әртүрлі бұйым жасауды бала күнінен армандаған. Бірақ отбасылық жағдайларға байланысты бұл іспен айналыса алмапты. Бүгінде тапсырыстарға үлгермей жатса, оған туған інісі қолғабыс ететін көрінеді. Кейіпкеріміз сөз барысында кәсібіне қолдау білдірген ауыл әкімі елді мекендегі бұрынғы әкімдік ғимаратын шеберхана етіп бергенін де айтып, дән ризашылығын білдірді.
– Мен бұйым жасауға терек, қара ағаш пайдаланып жүрмін. Керек құралдарды өзіміздің ауданнан аламын. Ағаштан бұйым жасау оңай іс дей алмаймын. Өйткені, оған асқан шыдамдылық, берік төзімділік пен мықты ептілік қажет. Сонда ғана сапалы дүние шығады. Алдағы уақытта кәсібімді үлкейткім келеді. Тіпті атакәсіп қылу ойымда бар. Осы істің ауқымын арттыру үшін кәсібін өрге домалатқан кәсіпкерлер қолдау танытса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді шебер.
Кейіпкерімізбен тілдесе келе оның ниеті мен шынайы көңілі, өз ісіне деген адалдығы, жауапкершілігі, асқақ арманы мен айқын мақсатына қарап сүйсіндік. Әрі оның осындай ізгі қасиеттері жетістікке жетелейтінін, биік белесті бағындырып, талай асудан асатынын көз алдымызға елестетіп, іштей қуанып қайттық. Біз де артқа қарауды өзіне ар санайтын кәсіпкердің жасап жатқан ісіне сәттілік тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА

25 қаңтар 2020 ж. 752 0