Ағаштан ақша жасайды
Қарап отырсақ, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Ауданда қажырлы, еңбекқор, кәсіптің тілін түсіне білген бірқатар азаматтардың ісі өрге домалап келеді. Осы азаматтардың қатарына жеке кәсіпкер Қайрат Орманды да қосуға болады.
Қазір кез келген үйді, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес. Себебі, әдемі жиһаз – үйдің сәні. Сондықтан да болар, Қайрат жиһаз жасауды 15 жыл бұрын қолға алған. Кейіпкеріміз жиһаздың қалай жасалатынын іштен біліп туған жоқ. Ол 10 жылдай Жезқазған қаласында жиһаз шығаратын мекемеде жұмыс істеп, кейін отбасылық жағдайына байланысты туып өскен жері Бала би ауылына отбасымен көшіп келеді. Ауылға келген соң білген-көргенін әрі қарай қолға алу үшін, ол өз кәсібін ашуды ойлайды. Нарықтың талабы, тірлігі тынымсыз 49 жастағы жігітке ой салып, былтыр кәсіпкерлікті қолдау жылы аясында 2 млн. теңге алып, өз ісін дөңгелетуді көздейді. Осылайша, Бастау бизнес курсын 1 ай оқып, Қызылорда өңірлік инвестиция орталығынан керек ақшасы 2 млн. теңгені алып, ісін қайта қолға алады. Кәсіпкерлік – тек тәуекелдің шарттарына бағынатындықтан, бастаған ісіне белді бекем буып, білекті сыбана кіріседі. Сөйтіп, ауылдағы үйінің қасынан екі бөлмелі жай соғып, арнайы құрал-жабдықтарын орналастырып, цех ашады.
– Шеберлік еңбекпен даритын қасиет екен. Аянбай тер төккеннің арқасында біреуден кейін, біреуден ілгері тұрмыс кешудемін. Алғашқы кездермен салыстырғанда қазір деңгейім әлдеқайда өсті. Тақтайлардың да сапасына аса қатты мән беремін. Тұтынушының көңілінен шығуға тырысамын. Өзіне ғана тән, өзінше әлемі бар Шиелі жұртының көңілінен шығу мен үшін алғашқы кездері емтихан тапсырғанмен бірдей болғаны да рас,– дейді кәсіпкер Қайрат.
Оның цехында жиһаз жасауға қажетті ағаштарды кесетін, тесіп бұрғылайтын, желімдейтін түрлі станоктары бар. Жиһаз жасау жұмысының қыр-сырын бес саусақтай білетін шебер бүгінгі күні ас үй, қонақ бөлмесі, кіреберіс тағы басқа бөлмелердің жиһаздарына тапсырыс қабылдайды. Соңғы кездері жиһаздың кіре беріс түріне, яғни, «гардеробқа» тапсырыс артқандығын да білдік. Кез келген жиһаздың сапасы мен беріктігіне кепілдік береді, оның үстіне үйлеріне жеткізіп, құрастырып беру қызметін көрсететіндігін де алға тартты.
– Жиһаз жасау да қолөнердің бір түрі. Демек, ол да шығармашылықты, ой-қиялды талап ететін жұмыс. Сондықтан, оларды эстетикалық жағынан әдемілеп зерлей білу қажет, – дейді өз ісіне төселіп алған шебер. Жұмысы алға жылжып, тапсырыс саны көбейген тұста осы істі білетін жас шебер алуды ниет етіп отыр.
– Қазір қажетті бояулар да, желімдер де қымбат. Материалдарды, қажетті бұйымдарды Қызылорда, Түркістан қалаларынан алып келемін.
Шеберханада өзім ғана жұмыс істегендіктен, тапсырыс берушінің талғамынан шығу үшін айлап жұмыс жүріп жатады. Сондықтан, өз шығынымды өтеу үшін жасаған жиһаздың көлеміне қарай, жұмсаған материалына шақтап бағаны өзім қоямын.
Тапсырыс берушілер жиһаз түрлерін ғаламтор және каталог арқылы көріп, ұнағанына береді. Айтқанын айнытпай жасаймын.
Бірақ, талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін күндіз-түні жұмыс істеп, барымды саламын. Уақытпен санаспаймын. Сондағы мақсатым – кәсібімді алға дамыту, аясын кеңейту, халыққа адал қызмет ету, – дейді жиһаз жасаушы.
Бүгінгі күні жұбайы Раушанмен бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған кәсіпкер – өз ісінің нағыз маманы. Жиһаз құрастыруды үйренгісі келетін жастарға да білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтады. Оның айтуынша, жасап отырған өнімі бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінгенімен, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару оңай шаруа емес.
– Әр саланың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Сол секілді жиһаз жасаудың да өзіндік қыр-сыры бар. Біршама жылдан бері осы кәсіпті дамытуға бар күшімді салып келемін. Жасаған жиһаздарымды тұтынушылар мақтап жатады, – дейді ол. Тұтынушыларының жағдайына қарап, баға да алдын ала келісім бойынша жүргізіледі екен. Әңгіме барысында шебер алдағы уақытта цехты ұлғайтып, шығаратын өнімнің түрлерін көбейтуді жоспарлап отырғанын жасырмады.
Бүгінде еліміздің жиһаз өндірісі нарығын жаулап алған шетелдік өнімдерге қарсы тұрып, өз ісін жүргізіп жатқан Қайрат Кенжәліұлының кәсібі өте құптарлық. Жиһаз жасауда оның өзіндік бренді де қалыптасып, кәсібінің қанат жаярына сенеміз. Міне, осылайша кәсібі өркен жайған аудандағы тағы бір азаматтың нәсібіне айналған берекелі тірлігінің куәсі болдық.
Ж.Ноғайбайқызы.