Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Несібесін кәсіптен тапқандар

Несібесін кәсіптен тапқандар



Қарап отырсақ, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Ауданда өз ісіне мығым, еңбекқор, кәсіптің тілін түсіне білетін бірқатар азаматтардың ісі өрге домалап келеді. Осындай азаматтардың қатарына Сабыр Жолмырзаев пен Асқар Белгібаевты қосуға болады.
Кәсіп – тек тәуекелдің шарттарына бағынатын болғандықтан, белді бекем буып, білекті сыбана кірісу керек. Жастықтың буымен екі дос бір-біріне серіктес болып, тынымсыз еңбектене жүріп, шаруаны дөңгелетуді қолға алады. Әрине, нарықтық заманда жеке кәсібін ашу көп қаражатты қажет етеді. Соған қарамастан, достар мемлекетке мойын созбай, керісінше тәуекел етіп, өз істерін 8 жыл бұрын бастаған екен. Соңғы кездері пластик материалдан жасалатын құрылыс заттарға сұраныс жоғары болғандықтан, кәсіптің осы түрімен айналысуға ден қояды. Осылайша, қос кәсіпкер пластик терезе бизнесіне нық қадам басып, болашаққа бет түзеген. Бүгінде олардың өндірісі нығайып, тұтынушылары қалыптасты.
Түркия елінен алынған құрылғылардың компрессоры сенсорлы, ал үтігі жартылай автоматтандырылған. Қажетті шикізатты да аталған елден жеткізіп, қалған материалды Алматы қаласынан тапсырыс арқылы алдырады екен. Осылайша, кәсіпкерлер өз өнімдері арқылы жергілікті сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Қазір шағын цехта күніне 10-нан астам есік-терезе дайындалады. Маусымдық кезде тапсырыс көлемі еселене түсіп, жұмыс та көбейеді екен. Көрші аудандардан тіпті, өзге облыстардан да тапсырыстар қабылдап отыр. Білгеніміздей, тұтынушының тапсырысы бойынша өндіріс цехының жұмысшылары кез келген көлемдегі шыныларды кесу, жаңа терезелерді орнату және ескі терезелерді бөлшектеу бойынша қызметтер көрсетеді.
– Біз өндірісте Түркия және Қазақстандық материалдарды пайдаланамыз. Тапсырыс берушілер есік-терезенің мөлшерін, түр-сипатын таңдайды. Одан кейін жұмысты сапалы, барынша тез жасауға тырысамыз. Біз үшін ең бастысы тұтынушылардың ойындағыдай, көңілі толатындай дүние жасау. Егер олар біздің жұмысқа көңілі толса, келесіде міндетті түрде тағы келеді. Өзгелерге айтып жүреді, тегін жарнама. Тұтынушылардың жағдайына қараймын. Барлық өнімге 3 жылдық кепілдік беріледі. Бәсекелестік басым болып тұрған заманда осылай жасамасақ, басқалай болмайтын сияқты. Әйтпесе, пластикпен жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің барлығының қондырғылары бірдей. Әрі қарай өнімнің сан алуан түрін әзірлеп, нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін сапаға басымдық беріп жұмыс жасау жоспары бар, – дейді Асқар Белгібаев.
Кәсіпкердің жұмысы алға басып, өндірісі кеңейсе, жұмыссыздар жұмыспен қамтылып, тұрмысын түзеуге ниеттенеді. Бұның өзі халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізбек.
– Шеберлік еңбекпен келетін қасиет екен. Аянбай тер төккеннің арқасында біреуден кейін, біреуден ілгері тұрмыс кешудеміз. Іс бастаған алғашқы кездермен салыстырғанда қазір деңгейіміз әлдеқайда өсті. Тұтынушының көңілінен шығуға тырысамын. Өзіне ғана тән, өзінше әлемі бар Шиелі жұртының көңілінен шығу мен үшін алғашқы кездері емтихан тапсырғанмен бірдей болғаны да рас,– дейді кәсіпкер Сабыр Жолмырзаев.
Елбасының «Шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деген сөзін өміріне ұстаным еткен достар адал табысын бір-бірімен бөлісіп, кәсіпкерлікте шыңдалып жүр. Нарықтың қылығына мойынсұнбай, қысылмай тынымсыз тірлігімен түтінін түзу ұшырып, берекесін арттырып, көпке ой салып, үлгі болатын жігіттердің бүгінгі ісі осындай.



Жұлдызай Ноғайбайқызы.
03 мамыр 2019 ж. 1 060 0