Семейде кәсіпкер әйелдер қатары артып келеді
Семейде кәсіпкерлікпен айналысып, шаруаларын дөңгелетіп жатқан қыз-келіншектер қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселен соңғы 5 жылда несие алып, жаңа кәсіпорын ашқан әйелдер саны 3-4 есеге дейін артқан. Өңірде тіркелген 33 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандарының 60%-ға жуығын арулар басқарады екен. Насихат Қабдығалиқызының негізгі мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Алайда отбасылық жағдайлармен ауылдан қалаға көшкен ол осыдан 10 жыл бұрын кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Алдымен дәріхана ашып, кейін медициналық жиһаздар шығару ісін қолға алады. Ол үшін арнайы медициналық оқу орнын да тамамдапты. Мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, қазір мына ғимаратта 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Насихат Исабаева, кәсіпкер: - Бұрын бизнестің кейбір түрлеріне рұқсат алу, тіркелу машақаты көп еді. Қазір оның барлығы біртіндеп жеңілдеп келеді. Оған біз ризамыз. Алайда кейбір түйткілдер туралы да айта кеткен жөн. Мәселен, бізге орта буын мамандары жетіспейді. Кәсіби оқыған, өз ісін жетік білетін дәнекерлеуші, темір ұстасы, металл жонушы сияқты мамандар табу қиын. Қазір кәсіпорын медициналық мекемелерге арналған 300-ден астам жиһаз түрін шығарады. Болашақта нанотехнологияларға мән беріп, жаңа өнім түрлерін көбейту жоспарда тұр. Айнұр Арғынбекова, қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы: - Бізді әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің дамып келе жатқаны қуантады. Олардың барлығына ортақ мәселелерді өзара ақылдаса отырып шешеміз. Кейбір жерде ақпараттық, құқықтық көмектер беріп, әсіресе кәсібін жаңа бастағандарға семинар-тренингтер өткізуді қола алдық. Соңғы кездері қыз-келіншектер мемлекет пен жекеменшік арасындағы серіктестік аясында да бірнеше жобаларды қолға ала бастаған. Мәселен балабақша ашып, медициналық мекемелерді іске қосу мысалдары жетерлік. Ал іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері жақында ауылдарды аралап, бизнесті дамытудың қыр-сыры жөнінде кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
www.24.kz