Бақытын еңбектен тапқан жандар
«Өскен өңір» газетінің әр нөмірінде кәсіптің қай түрін болсын дөңгелетіп әкетіп, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген жандардың жұмысын қалың көпшілікке насихаттап келеміз. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай, ағаш пен темірден тұрмысқа қажетті көздің жауын алатын түрлі бұйым жасап келе жатқан отбасын мақаламызға арқау етпекпіз. Олар бидайкөлдік Бақытбек Дулыға мен жұбайы Дәрігүл Ысқақова.
Бала күнінен ағаштан түрлі бұйым дайындауға жаны құмар болып өскен Б.Дулығаның, осы кәсіппен нанын тауып жүргеніне 10 жылдан асыпты. Айта кетейік, кейіпкерлеріміздің екеуі де II топ мүгедегі. Яғни құлағының мүкістігі бар. Дегенмен «Адам тағдыры өзінің қолында» деген ұстанымды ұстанып, өзгеге алақан жаймай, адал еңбегімен нанын тауып жүргені көңілге қуаныш сыйлайды.
– Кез келген ер адам үшін әйелінің қолдауы өте маңызды. Әрі бір салада жұмыс істесе, тіпті керемет. Ағаштан болсын, темірден болсын қай дүниені жасау үлкен ептілікті талап етеді. Оған ең әуелі шыдамдылық, дәлдік, жауапкершілік қажет. Маған әйелім көмектеседі. Мысалы, мен бесік істесем, келіншегім оның жабуын тігеді. Тігіншілік тіршілікке жарап тұр. Бұл да болса үлкен көмек. – дейді шебер.
Иә, бүгінде жарасымды жанұя 7 ұл-қыздан 2 немере сүйіп отыр. Айта кетейік, өмірде өз кірпішін өзі қалаған Б.Дулығаға бұл өнер анасынан дарыған екен. Ағаш шеберінің айтуы бойынша, анасы да тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттар мен бесік жабуын тіккен көрінеді. Енді қарап көріңіз, шебердің жұбайы Дәрігүлдің де тігін тігуі сәйкестік емес пе? Яғни келін қайынененің топырағынан болып тұрған жоқ па?
Бағыты айқын жұбайлардың жасаған кез келген дүниесі сапалы болғандықтан тұтынушының көңілінен лезде шығады. Соның әсерінен ауданда бүгінгі таңда әжептеуір сұранысқа ие. Олар тіпті үздіксіз ізденуінің арқасында мемлекеттен қайтарымсыз ақша да ұтып алған.
– Жұмысымды одан әрі кеңейту мақсатында кәсіпкерлікке тіркеліп, қажетті құжаттарын дайындап, мемлекеттен 2018 жылы 1,5 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Бұл маған үлкен мүмкіндік берді. Ісіміз алға басып, қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан алдырттым. Оның қатарында темір, ағаш жонатын құрылғылар мен шеберге қажетті т.б. заттар да бар, – дейді Б.Дулыға.
Қазақ халқы он саусағынан өнер тамған өз ісіне шебер жандардан кенде емес. Сондықтан қай іс болсын ебін тауып, еңбек ету керек. Бір байқағанымыз, нарық заманында қос қолды қалтаға салып жатпай, әркім өзіне қолайлы кәсіппен айналысса жөн болмай ма? Ал біз ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың қолөнерін дамытқысы келетін шебердің ісіне сәттілік тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА