Киізден жасалған керемет
Халқымыз өзі кәсіп етіп, өмірімен біте қайнасқан төрт түлігінен алған өнімді ысырап етпей, тұрмыста кеңінен қолдана білген. Таза табиғи өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін айтпасақ та түсінікті шығар. Солардың ішінде жүннен тоқылған, заттарды пайдаға асырып, әр істің көзін тауып, үйлестіре білген жанның бірі – Жансара Бөлегенова.
Не керек соның барлығы табылатын осынау заманда кісіні әлденемен таңғалдыру өте қиын. Дегенмен соңғы жылдары ұлттық нақышта безендіріліп, қолдан жасалған бұйымның бәсі артып келеді. Әрине, сапасы мықты, дизайны көркем, заманауи сәнді бұйымға сұраныс қай кезде де жоғары болмақ. Кейіпкеріміз көз майын тауысып, адал еңбегінен туған туындыны сатып, кәсіпке айналдырып, нәпақасын қолөнерден тауып отыр. Шебердің соңғы үлгіде жасаған бұйымы көздің жауын алып, тұтынушы арасында сұранысы артып келеді. Қолдан шыққан туындысы жібектей жұмсақ, тақиясы мен кеудешесі, кәде сыйы көздің жауын алады. Жансара апанын айтуынша «Киіз, текемет басу – бірнеше адамды, кең орынды, көп еңбекті қажет етеді. Киізден жасалған бұйым мен киім дайындауды үстелдің үстінде жалғыз адам да істей береді. Киіз басу әдісін дайындағанда көлемді әрі адам күші көп жұмсалады. Ал сәндік бұйым мен киім тігуге қажетті орын шағын болып келеді. Киіз бен текеметке қапшық-қапшық жүн кетеді, екінші жағдайда бірнеше граммның өзі жетіп жатады», – дейді қолөнер шебері. Сонымен қатар киіздің ерекшелігі – жуған сайын жаңарып, жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке жүйесіне жағымды әсер ететінін мамандар дәлелдеп отыр.
Негізінде киіз басу ежелден келе жатқан дәстүр. Бұл өнердің біздің заманымызға дейінгі ғасырда қазақ даласына кеңінен таралғаны мәлім. Ата-бабамыз қай жерді мекен етсе де киізден түрлі бұйым жасайтын болған. Қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз болғанымен, киізден жасалған бұйымға сұраныс бар. Әсіресе сәндік картина мен кәде сыйдың нарықтағы сұраныс артып келеді.
– Қолөнермен бала жасымнан айналыстым. Әжем мен анамның қасында жүріп киізге түр салу, тоқыма, кілем тоқуды үйрендім. Қазір қолдан киіз басып, кілем тоқитын адам аз. Бұл үй бұйымын пайдаланудан біртіндеп қалып барамыз. Әйткенмен уақыт нені талап етеді, соған бейімделу керек екенін түсініп, тұрмысқа қажетті затты жасауға ден қойдым. Өзім іздене жүріп, шәкіртіме үйретіп келемін, – дейді ол.
Қолдан бұйым жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан қолдан жасалған бұйым ең алдымен қыздарды әсемдік пен сұлулықты көріп, бағалай білуге талпындырып, шығармашылыққа баулиды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге, жауапкершілікке үйретеді. Өзінің жұмысқа деген ептілігін ұштап, шыдамдылыққа баулиды.
Жұлдызай Ноғайбайқызы