Жеңіл өнеркәсіп жетілсе...
Халқымыз қашаннан өзі кәсіп етіп, өмірімен біте қайнасқан төрт түліктен алған өнімді ысырап етпей, тұрмыста кеңінен қолдана білген. Таза табиғи өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін айтпасақ та түсінікті шығар. Солардың ішінде жүннен тоқылып жасалған заттарды пайдаға асырып, әр істің көзін тауып, үйлестіре білген жанның бірі – Жансара Бөлегенова.
Негізінде киіз басу ежелден келе жатқан дәстүр. Бұл өнердің біздің заманымызға дейінгі ғасырларда қазақ даласына кеңінен таралып кеткені мәлім. Ата-бабаларымыз киізден түрлі бұйымдар жасайтын болған. Қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз болғанымен, киізден жасалған бұйымдарға деген сұраныс бар. Киіз басу – қазақтың төл өнері. Бүгінде қолданыстағы әрбір бұйымда қазақ халқының ұлттық нақыштары көрініс тауып, жан-жақты насихатталып келеді. Алайда, осы шикізатты пайдаланып, одан шығарған өнімді әлемдік брендке айналдырып, сөйтіп қой жүні мен терісінің арқасында-ақ әлемге танымал болған мемлекеттер бар. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей елдері сол тізімнен орын алады. Бүгінде осы қойдың жүні мен терісін пайдаланып, сан түрлі тауарлар шығарып, мол пайда тауып отырған елдердің бар екендігін білгенде «Неге осы істі қолға алмасқа?» деген ой ішіңнен тұншығып шығады.
Елімізде өңделген жүннің қаптамасы өндірілмейтіні айдан анық. Ал, қойдың жүні пайдаға асырылмай жатады. Орташа есеппен бір қойдың өзінен 3 келі жүн шығады екен. Бұл дегеніңіз істің көзін тапқан адамға миллиардтаған ақша. Сондықтан, өзгелерге жалтақтамай, өзімізде бар қой жүнін өндірісте өңдеу қолға алынса, пайдаға қаларымыз анық.
Осы мақалаға арқау етіп отырған кейіпкеріміз киізден түрлі бұйымдар жасап, өзінің шеберлігімен көпке үлгі болып жүр. Қолдан шыққан туындылары жібектей жұмсақ, тақиялары мен кеудешелері, кәде сыйлары көздің жауын алады. Осы ретте, Жансара апаның айтуынша, «Киіз, текемет басу – бірнеше адамды, кең орынды, көп еңбекті қажет етеді. Ал, бұйымдар мен киімдерді дайындауды үстелдің үстінде жалғыз адам да іс жасай береді. Ұлттық киіз басу әдісімен дайындалған бұйымдар көлемді болады. Сәндік бұйымдар мен киімдер шағын болып келеді. Киіз бен текеметке қапшық-қапшық жүн кетеді, ал, екінші жағдайда бірнеше граммның өзі жетеді», – дейді қолөнер шебері. Сонымен қатар, киіздің ерекшелігі – жуған сайын жаңарып, жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке жүйесіне жағымды әсер ететін көрінеді.
Жыл сайын мал қырқатындар оның жүнін қайда жіберерін білмей, өртеуге мәжбүр. Ауылшаруашылығына, оның ішінде мал өсіруге ерекше қолдау көрсетіліп жатқан бүгінгідей уақытта одан өндірілетін бұйымдарға да бей-жай қарауға болмайды. Қазіргідей барлығы автоматтандырылған заманда ешкімнің қолдан киіз басуға құлқы жоқтығы айтпаса да белгілі. Дегенмен, арнайы құрылғылар арқылы жұмысты жеңілдетуге болады емес пе? Заманға сай әрленген отандық киіздер шығарылып жатса, оған жұртшылықтың қызығушылығы артары сөзсіз.
Киіздің күннің ыстық-суығынан қорғайтын, ылғал өткізбейтін, температураны бір қалыпта сақтап тұратын қасиетін жақсы білеміз. Дәрігерлер белі ауыратын адамдарға киізге жатуға кеңес береді. Ал, күз аяғы, қыс ызғары қылаң бергенде базар жағалап, ұлтарақ іздейміз. Аяқ киімге киізден жасалған ұлтарақ салып алсаңыз, табаныңыздан суық өтпейді. Ат әбзелінің бірі – тоқым да киізден жасалады. Көліктің орындықтарына да киіз жабынды жабылса, арқа бөлік терлемей, омыртқаға пайдалырақ болар еді. Сонымен қатар, киіз басу әдісі арқылы дайындалатын тұрмыстық бұйымдарды жасау жолдарын еңбек сабақтарында балаларға үйрете отырып, қазіргі заманға сай киіз түрлерінен жасалатын бұйымдарды таныстырса, оларға деген сұранысты арттыру алға қойылса екен.
Ауданда кәсіпкерлік қанат жайып, бұл салаға қолдау аясы кеңейіп келеді. Осы ретте, аймақта жүннен өндірілетін өнімдер шығаратын цех ашылса, ұрымтал тұсымыздан ұтатын бағытымыз айқын болар еді. Біріншіден, халыққа жұмыс көзі, екіншіден малмен айналысып, терісін айтпағанның өзінде жүнін қайда өткізерлерін білмей, қоқысқа тастап отырған шаруаларға оңтайлы болмақ. Сай-саланы басқан жүн-жұрқадан да арылар едік. Үшіншіден, өзімізде жасалған экоөнім тұрғындардың салауатты өмірлерін қалыптастыруда да нақты қадам болары сөзсіз.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.