Айзаттың аспаздық өнері
Әлем бойынша ең сұранысқа ие мамандық – аспаздық. Заманға сай осы сала бойынша орта және шағын бизнес бастап жатқан жандар аз емес. Бұл сәйкесінше қоғамдағы жұмыссыздықтың санын азайтып, ел экономикасының артуына сеп болуда. Сондай-ақ жұмыссыздықты желеу етіп, жұмысқа құлқы соқпайтын жандарға үлгі көрсетуде. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз бала күтімімен үйде отырса да, кәсіп арқылы нәсібін тауып, өзгеге алақан жаймаудың амалын жасап келеді. Ол көпшіліктің қуанышына тәттісі арқылы ортақтасып жүрген Төңкеріс ауылының тұрғыны – Айзат Әбсадықова. – Кез келген адам өзіне ұнаған кәсіппен айналысуды армандайды. Кейбіреулері сол арманға жетелейтін мақсат қояды. Мен де сол жандардың қатарынанмын. Менің кондитерлік өнімдерін пісірмей тұрып, 10 жыл сұлулық салонында визажист болып істегенімді көбі біле бермейді. Қай нәрсені бастамас бұрын адамның өзіне деген сенімділігі, өз ісіне деген қызығушылығы болуы керек. Өйткені, әр адам өз ісінің һәм кәсібінің бағбаны іспетті, – дейді аспаз.
А.Өтеубайқызы кондитерлік өнімдерді пісіруді 2017 жылдан бастап тұрақты түрде қолға алған. Алғашында көпшілік тани бермейтіндіктен тапсырыс та аз болған көрінеді. Өз ісіне мемлекеттің қолдауын қажет еткен кәсіпкер өткен жылы қажетті құжаттар дайындап, облыс әкімінің 900 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантын ұтып алады. Бүгінде заманауи технологиялар алып, өз қажетіне жаратуда. Тапсырыс берушінің көңілінен шығуы үшін барын салатын аспаз, осылайша тұрақты тұтынушыларды да қалыптастырған. Жұмыстың көзін біліп, табыс тауып отырған ол, кеш қарайғаннан таң атқанға дейін тәтті пісірумен айналысады.
– Әрине, қай бизнес саласы болмасын бірден жоғары көрсеткішке қол жете бермейтіні белгілі. Бұл көп ізденісті талап етеді. Мен Қызылорда, Шымкент қалаларында болған 5-6 мастер-классқа қатыстым. Оларға қатысу арқылы интернет желісінен түсінбеген жаңа дүниелерді меңгеруге үлкен мүмкіндікке ие болдым. Алдағы уақытта білімімді одан әрі дамытып, кәсібімді үлкен дәрежеде жеткізу ойда бар, – дейді А.Өтеубайқызы.
Үй жағдайында тәтті тоқаштар, балкүлшелер, алуан түрлі печеньелер, дәмді бәліштерді т.б. заттар пісіру сүйікті ісіне айналған аспаздың тауарлары бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Қазір торттың 10 түрін, тәттілердің кез келгенін пісіре алатын ол, болашақта білген-түйгенін қыз-келіншектерге үйретсем дейді.
– «Ас иесімен тәтті» демей ме? Сондықтан мен әрбір тапсырысты орындағанда үлкен ыждағаттылықпен дайындаймын. Қазіргі таңда 2 адамды күнделікті жұмыспен қамтып отырмын. Бұл менің армандарымның бір бөлігі ғана. Болашақта кондитер өнімдерін дайындайтын цех ашып, оны халыққа ұсынатын дүкен де ашсам деген мақсатым бар, – дейді.
Кәсіппен айналысу әлдекімдер ойлағандай оңай шаруа емес. Ол тың идея мен ұшқыр қиялды және тынымсыз тірлікті талап етеді. Бұл салада өз ісіне селқос қарап, жауапкершілік танытпайтындар биікке шыға алмайды. Ал біздің тақырыпқа арқау болған Айзат табандылығы және жұмысына деген сүйіспеншілігінің арқасында кәсібінің қанатын кеңге жайып, тіршілігінің тасын өрге домалататыны сөзсіз.