Кәсіби кондитердің тәттілері
«...Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс».
Елбасы Жолдауынан.
Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында елімізде кәсіпкерлерді қолдауға көп көңіл бөлген. Мемлекет басшысының сындарлы саясаты өркениетті елдер қатарына енудегі жалпыға ортақ бағыт.
Кәсіпкерлікпен айналысудың сан жолы бар десек, ең бастысы, адамда өзіне деген сенім басым болу керек және еңбекке деген ынта қажет. Бүгінгі сан-салалы жұмыстардың атқарылуы, мемлекеттік бағдарламалардың қарқын алуы азаматтардың әлеуметтік мүмкіндіктерін түзетудің тірегіне айналғаны шындық. Сондықтан, жұмыссыздықты жоюдың амалы аймақта, ауданда, керек десеңіз, ауылда шағын және орта кәсіпті дамыту жолдары жан-жақты қарастырылып келеді. Кәсіппен айналысудың көптеген салалары бар екенін айта келе, енді солардың біріне көңіл бөлсек.
Газет бетінен өз кәсібін ашып, отбасына да, мемлекетке де пайдасын тигізіп жүрген жандардың жұмысы жайлы үздіксіз мақала жариялап келеміз. Бұл жолы әңгімемізді ас атасы – нан өнімдерін пісіретін Римма Бердалинаның шағын кәсібіне арнағанды жөн санадық.
Римма Ержанқызы оңтүстіктің шырайлы өңірі Шымкентте өмірге келеді. Анасы мен әжесінің ізгі тәрбиесінде болған болашақ кондитер жоғарғы оқу орнын банк ісі бойынша қызыл дипломмен аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын колледжде дәріс беруден бастайды. Дегенмен, 1999 жылы киелі мекен Шиеліге тұрмысқа шығады. Әрине, өмірге бала келеді. Баламенен отырып, күнделікті түрлі тәтті пісіруді қолға алады. Алдымен, гамбургер, хотдог пісіреді.
– Бастапқыда кәсіп ашу мен үшін қиын шаруа секілді болды. Оны ашқанмен, халықтың сенімінен шығу тағы бар. Іске кірісерде осындай ойлар мені қатты толғандырды, қобалжығаным да рас. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы шығар. Ағам алғашқыда құрал-жабдықтарды, ұнды КамАЗ-бен салып жіберген болатын, – деді кондитер Римма.
Міне, осылайша сүйікті ісіне айналған тәттілері бизнесінің бастауы болды. Соныменен, 2011 жылы ғана үйден цех ашу мүмкіндігіне қол жеткізген Римманың көптен ойластырған ісі жүзеге аса бастайды. Сөйтіп, «Шорабаев» орталық базарынан дүкенді жалға алып, кәсібінің әліппесін бастап кетеді. Бұл жағынан маған екінші анамдай болып кеткен енем қолұшын береді. Сонымен қатар, көмекшім бар, – деді Римма Ержанқызы. Алғашында тұтынушыларға тек торт ұсынды және бес данадан артық жасамады. Сұранысқа қарай тауардың саны мен түрі де артпақ. Римма Бердалина да тұтынушылардың тілегі бойынша самса, тоқаш, бәліштің түрлерін және өзге де тәттілерді құлшыныспен даярлай бастайды. Күнделікті жасаған өнімдерін қайда өткіземін деп бас қатырып жатпайды, тұрақты сатып алушылары бар.
– Мен дайындайтын тәттілердің барлығы менің әжем мен анамның мәзірімен дайындалады. Барлық процесс қолдан өтеді. Және мен үнемдеуге бармай, құрамындағы заттарды мәзір бойынша қосамын. Тәттілер дайындайтын адамның ешкіммен бөліспейтін өзіндік сыры болады. Ең бастысы, бұл істе көтеріңкі көңіл-күй қажет. Кез келген тапсырыс түрін қабылдау арқылы мен өз қиялымды шыңдап отырамын. Қазіргі таңда бір күнде он данадан артық торт сатылады. Мен ең бастысы санға емес, сапаға жұмыс жасаймын. Қазіргі тұтынушылар талғамы жоғары.
Сауда орындарындағы сөрелерде осы сынды өнімдер сіресіп тұрған уақытта өндірушілер арасында бәсекелестік болмай қоймайды. Сол бәсекелестікке шыдап бақсаң ғана, ісің өрге домалайды, – деді ағынан жарылған Римма Ержанқызы.
Иә, базардағы ең көп сұранысқа ие жергілікті тәтті өнімді дәл осы Римманың дүкенінен табуға болатындығын аудан халқының басым бөлігі білетін шығар. Бұған аудан тұрғыны Г.Мұсайымның төмендегі пікірі айғақ бола алады.
– Менің отбасым әрқашан да Римманың өнімдерін тұтынуға тырысады. Өйткені, мұндағы өнімдер балғын. Әсіресе, жемістермен жасалатын түрін аса көп тұтынамыз. Және торттардың қанты аса көп емес. Торт кремдерінің де дәмі өзгеше. Бағалары да қолжетімді.
Қай істің көзін тапсаң, оны әрі қарай дамытқың келіп тұратыны бар. Онсыз болмайды. Кейіпкеріміз де алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейткісі келетіндігін жеткізді.
Осылайша, Римма өзінің шағын кәсібі арқылы тұтынушыларының риясыз алғысына бөленуде.
Дина ЖҮСІПОВА.
Сурет Е.ДАТКЕНОВТІКІ.