Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол
Қазақ қыз баласын қонағындай құрметтеп, сый көрсеткен. Қызының барған жерінде абыройлы болуын қалаған ата-ана қыз жасауына ерте кіріскен. Заманға сай қазіргі таңда қыздың көрпе-төсегінің мінсіз болуын қалаған ата-ана арнайы шеберлерге тіктіруде. Жаңа дүниені шығару үшін де ұлттық құндылықтарға жүгінетініміз белгілі. Біздің кейіпкеріміз Гүлнар Тәженова да қазақтың салт-дәстүріне сай, ұлттық ою-өрнектерді пайдалана отырып қыз жасауын дайындап жүргендердің бірі.
– Қазақ халқының шеберлері құрақ құрау, кестелеу, пішу, ою, көктеу, тоқыма тоқу т.б. тәсілдермен керемет, тың дүниелерді өмірге алып келгені бесенеден белгілі. Қыз баласы анасына етене жақын болып өспей ме, мен де кішкене кезімнен анамның жанында қолғанаты бола білдім. Содан не керек, төзімділік пен шеберлік, тазалық, әсемдік үйлесетін осы бір тігіншілікті жіті үйренуді қаладым. Ата-анамның рұқсатымен Түркістан қаласында оқыдым, – деп әңгімесін бастап кетті ісмер.
Иә, алғашында отбасы, туған-туыс, көрші-қолаңның қалауын тігіп беріп жүрген бала Гүлнар тігіншіліктің қыр-сырын үйренген соң, мамандық бойынша аудандағы тігін шеберханасында жұмыс істеді. Өзіне үміт арта келген әрбір тұтынушының көңілінен шығып, сол бойынша машықтанып, мамандығының майталманы бола бастады. Әңгіме барысында әлі күнге дейін мата қиынын көрген бойда бір бүйрегі бұрып тұратынын да жасырмады.
– Өзім ұлтжанды адаммын. Сондықтан кез келген шаңырақта қазақылықтың иісі аңқып тұрса деймін. Ауыл болсын, қала болсын қазақтың төрінен құрақ көрпелер, түскиіздер, оюланған қоржындар, кестеленген дүниелер әр үйге сән береді емес пе? Бұл қазақтың хас шеберлігін көрсетеді. Мен де осыған өз үлесімді қосып, қазіргі таңда қыз жасауын тігіп жүрмін. Көптеген арулардың жасауына апарар көрпе-төсегінде өзіндік қолтаңбам барына шүкіршілік айтамын. Одан бөлек шымылдырық, қоржын, бесік жасауы, қолорамал, төсеніш сияқты ұсақ-түйек заттарды да тігемін. Жасап жатқан ісімнен ләззат аламын. Сол себепті қолымнан шыққан дүние өзімнің де, өзгенің де оң бағасын алып жатады. Зейнет жасында болсам да, өз күшіммен осылай адал асымды жеп әрі жүрегім қалаған жұмысыммен айналысып жүрмін, – дейді Г.Сейдахметқызы.
Бір ғажабы, адал еңбегінің арқасында өз ортасының ыстық ықыласына бөленіп жүрген Гүлнар апай да анасының сара жолымен өзінің тұңғыш қызын осы кәсіпке баулыған. Қазіргі таңда Зарина есімді қызы Кентау қаласында түрлі маталардың тігісін үйлестіріп, әдеппен әсемдеп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр екен. Бұл тігіншілік өнердің ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тауып жатқанын білдірсе керек.
– Мен мата таңдауға айрықша мән беремін. Өйткені, кез келген дүниеде әсемдік үйлесім тауып тұрғаны жақсы және оған селқос қарауға болмайды. Тігін өнерінің ішінде құрақ құрау жаныма жақын. Ол бір әйел затының сұлулықпен сырласуға, оны өн бойына сіңіруге, бояулар әлеміне еніп, тануға септігін тигізеді. Және сол арқылы жанды тыныштандырып, демалып алуға болады. Қазіргі өркендеген заманда қандай кәсіппен айналысамын десек те, мүмкіндік өте мол. Оның кез келгенін құр жібермеу керек. Мен өз басым ешқандай кәсіпкерлікке тіркеліп, үкіметтен субсидия алмадым. Бұл менің зейнет жасындағы ермегім ғана. Ал өскелең жастарға алдыңғы буын ретінде уақытты құр өткізбей, тиімді пайдалануға кеңес берер едім, – деп ағынан жарылды тігінші.
Кейіпкеріміздің әңгімесіне қарап, жалпы қандай да бір іспен айналысу үшін оған деген ыждаһаттылық, зейін керек екенін түсінуге болады. Көз майын тауысып, бар күш-жігерін тігін тігуге арнаған Г.Сейдахметқызының жасап жатқан ісі жастарға үлгі.
Фариза КЕНЖЕШОВА