Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасаусыз қыз болмайды

Жасаусыз қыз болмайды



«Алты жасынан жинасаң асады, жеті жасынан жинасаң жетеді» дегендей, қырмызы қызы бар үйдің анасы құнды заттарын перзентінің жасауына қоссам деген ниетпен ертеректен сақтап жүреді. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» демекші, бұл үрдіске қыздың тек ата-анасы ғана емес туған-туыстары да өз үлестерін қосып, кем-кетігін толықтырады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, жасауды қыздың еншісі десе де болады.
Негізінен, қазақта қыз жасауына 6 көр­пе, 8 көрпеше, 4 жастық салынады. Соңғы уақытта жамылғылардың «құдағи көрпесі» және «махаббат көрпесі» деп аталатын түрлерi қолданысқа ендi. Қыздың жасауы ағайын-туыстың береке-бірлігі мен әр үйдің хал-ахуалына байланысты әр түрлі мөлшерде болады.
Жасаудың тек төсек жабдықпен бітпейтіні белгілі. Бір сандық толы ыдысты айтпағанда, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, теледидар, шамасы жетсе қонақ бөлмеге немесе ас бөлмесіне арналған гарнитур, қалталылар тіпті, көлік пен баспанаға дейін тарту етіп жатады.
Бұрындары 5-6 жасар қызының жасауына деп ауыл әйелдерін жинап, асарлатып киіз басып, кілем тоқыған. Дәл қазір оюлап көрпе тігіп, тізерлеп текемет жасайтын әже-апаларымыз жоқ дей алмаймыз, тек бәсеке заманында көштен қалмау үшін тапсырыс та, талғам да өзгеруде. Бұл тұрғыда бірнеше қыз ұзатып, келiн түсiрген ардақты ана Клара Құрымбаева сонау қиын-қыстау кезеңдердің өзінде де қыздардың қазақы кәдесімен ұзатылғанын айтады.
– Кезінде ауылда жасы үлкен әже-апалар, келіндер қыз ұзатқалы жатқан үйге алдын ала жиналып, жасауын жасасуға көмектесетін. Жаз маусымында болса, талдың көлеңкесіне төсенішті жайып жіберіп, көрпе-төсекті өзіміз пішіп, өзіміз тігіп, көктейтінбіз. Ол үшін әлгі үйдің отанасы мата-мақтасын, ине-жібін сайлап отыратын. Біз болсақ, арасында шай алдырып, ауылдың алты ауызын айта отырып дайын­дайтынбыз. Енді ол салт келмеске кетті. Қазіргі заманда көбісі қолдан көрпе-төсек тікпейді. Барлығын тапсырыспен жасатады, – дейді К.Құрымбаева.
Әжейдің айтқанындай, қазіргі кезде ата-аналар қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тіккізеді. Мәселен, жуырда ғана қызын ұзатқан кент тұрғыны Г.Бәкірова да қызына апаратын көрпе-төсекті тапсырыспен жасатыпты.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желіні ақтарып қарасаңыз «Қыз жасауы» деген түрлі жарнамалардан көз сүрінеді. «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, мен де қолдағы қаражатқа, жағдайға қарап қызыма жасау­ды тапсырыспен әзірледім. Оның матасын, түр-түсін ісмермен бірге ақылдаса оты­рып таңдадық. Оның ішінде 6 көрпе, 4 көр­пеше, 4 жастық, «махаббат көрпесі» мен 2 көр­­­­пе­ше бар. Барлығы 100 мың теңгедей болды. Бұның сыртында жиһаз, теледидар, тоңазытқыш секілді дүниелері де бар, – дейді кейіпкеріміз.
Бірнеше жылдан бері бойжеткендердің жасауын жасап, ата-аналарының алғысын алып жүрген тігінші Тоғжан Мұсаева жасаған көрпе-жастықтары бүгінде үлкен сұранысқа ие. Жоғары талғаммен таңдалған маталары, көрпенің бетіне түсірген ою-өрнегі, ішкі салма материалдары табиғилығымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Ол қазіргі таңда қыз жасауын дайындайтын тігіншілердің көбеюін жастардың талғамының өзгеруімен түсіндіреді.
– Менің қыз жасауын дайындаумен айналысып келе жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. Әсіресе, соңғы жылдары тапсырыс көбейіп келе жатыр. Өйткені, қазір ешкім бұрынғыдай үйінде көрпе-көрпеше тікпейді. Оданда дайынын ала салғанды жақсы көреді. «Заманына қарай адамы» демекші, уақыт өткен сайын таным да, талғам да өзгеріп келе жатыр, – дейді тігін шебері.
Рас, көрпе тігу оңай шаруа емес. Ісмерлік пен уақытты талап етеді. Кез келген әйел заты үшiн қыз жасауынан қымбат ештеңе жоқ шығар. Өйткені, жасы келген қарт әжелеріміздің өзі «Мынау шешемнiң көзi еді», «Мына сандықты әкем мен үшін арнайы жасатқан» деп, қанша уақыт өтсе де тастауға қимай отырады.
Қазақта «Жетім қыздың жасауындай екен» деген тіркес қалыптасып кеткен. Ол босаға аттағалы отырған қызға берілетін дүниенің тым жұпыны болып ке­луіне орай айтылғаны белгілі. Дегенмен, мұндай нарық заманында шама-шарқы жеткенше қыз ұзатып, той жасағандарды сынға алу тым әбестік болар.
Қалай дегенде де, қыз жасауы қайда, қалай жасалса да, жас жұбайлардың игілігіне қызмет етсе болғаны.

Гүлхан ЯХИЯЕВА.
27 қараша 2018 ж. 3 434 0