Қыз жасауы қанша тұрады?
«Жетім қыздың жүгіндей»… Келіннің жасауына осылай деп мін тағылып жатса, абырой емес. Десек те көрпеге қарай көсілмеске тағы болмайды. Жасау әзірлеуге кететін шығын бір тойға жұмсалатыннан асып түспесе, кем емес. Көрпе-көпшігінен бөлек, ыдыс-аяқтың өзіне қаншама қаражат қажет. «Жасаудың құрамында ағаш мүлік болуы тиіс» деген жазылмаған қағидасы тағы бар.
Әрине жағдайы келсе – жасай берсін. Тек, аттыға ерем деп, жаяудың аяғы «аспаннан келмесе» болды да. Шама-шарқына қарамастан, бар адаммен бәсеке болам деп, несиеге белшесінен батқандарды да көз көріп жүр. Бұлай етпеске «Келін жақ не әкелді екен?» деп сын көзбен сандыққа сұқтанып, бұйымдардың бағасын лезде базар бәсімен салыстырып, бажайлап отыратын абысын-ажындардың қылығы қоймайды.
– Бұрын қазақ отбасындағы қыз бала 7 жасқа жеткеннен кейін жасауын жинай бастайды екен. Жақсы ғой бұл. Бірақ «сән» деген бәленің сан жылдан кейін қай шамада боларын кім біледі. Ескіріп қалған бұйымдарды «анамның еңбегі ғой» деп ала баратын қыз табыла қояр ма екен бүгінде? Әрбір ана жасау беруді перзенті алдындағы парызы санайды. Сол себепті қолынан келгенше қызын қажетті дүниемен қамтамасыз еткісі келеді. «Алтысында жинасаң артылады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Кейбіреулер қыз жасауын ерте бастан әзірлеп қойса, тағы біреулері туған-туыстарымен бірігіп дайындайды.
Өзім төрт қыз ұзаттым көрпе-төсегін, аяқ-табағы мен тұрмысқа қажетті бұйымдарын, жиһаздарын теңдей апардым. Асып-тасыдым демеймін, ел қатарлы әзірледім. Ең бастысы ниет таза болуы керек. «Мен қызымның артынан мынаны апардым немесе «Келінімнен келген дүниеге көңілім толмайды» деген сөздерден аулақ болған жөн. Отбасының бақыты жасауда емес екі жастың сыйластығында, – дейді Алмажан әже.
Ал ел ішінде қазан мен пышақты жасауға қоспайды деген түсінік қалыптасқан. Өйткені қазақ халқы қазанда ырыс пен береке бар деп сенген. Үйімнің ырысы, босағамның берекесі, отбасымның несібесі осында болады деп, өзгелерге бермеген. Сол секілді ұзатылатын қызға да қазан сыйламаған. Кей елдер жасауына қазан алып келген келіндерді жақтырмайды. Ол «келмей жатып қазанымды билейін деген екен» деп жаманға балайды. Пышақта да айтарлықтай сөз жатыр. Пышақтың жүзі өткір, қауіпті зат болғандықтан, жаңа құдалардың арасына салқындық салмасын, жас келіннің тілі өткір болмасын деп, жаңа құдалар пышақ алғанды ұнатпайды. Оны әкелген күннің өзінде «сатып алу» ырымын жасайды.
Қыз жасауын сататын дүкендерге бас сұқтық. Сатушының айтуынша, бұл жерден қалыңдықтардың басым көпшілігі әр түрлі көлемдегі үш сандық пен шағын қобдишадан тұратын соңғы жиынтықты алады екен. Оның бағасы көлеміне, матасына, дизайнына, моделіне байланысты. Мәселен 100 мыңнан 250 мыңға дейін барады.
Сонымен бірге қыз жасауын ұлттық нақышта жасататын қалыңдықтар қатары артқан. «Оюлармен өрнектелген көрпе-төсек пен жастықтарға сұраныс жоғары. Тұскиіз апарғысы келетіндер де табылады. Қазақы ою ойылып жасалған ағаш-ыдыстар да өтімді», – дейді сатушы.
«Қыз жасауы қандай болуы керек?» деген сауалға әркімнің жауабы әртүрлі. Бірі – келінге керек дүниенің барлығы өзімен барғаны дұрыс десе, енді бірі жаңа үйде жоқ нәрсені ғана апарса жеткілікті. Бұл қыз ұзатып, ұлан-асыр той өткізген ата-анаға да қаражат жағынан қысылмауына көмектеседі деген ойда.
Ал Айнаш апа қыз дүниесін дайындағанда қаражатты «қажетсіз майда-шүйдеге» жұмсамауға кеңес береді. «Көрпе-жастықпен бірге жастарға баспана алуға көмек көрсету керек. Себебі, соңғы кезде ата-аналар барлық қаражатына кір, ыдыс жуатын, үй жинайтын мүлік алып жатыр. Сол құралды кіргізіп қоятын өз отаулары болмаса, қос-қос дүние кімге керек. Осыны мықтап ойлану керек. Бір жағынан барлығы бар болса, жаңа отау құрған жастар қос тараптың үмітін ақтауға бар күш-мүмкіндіктерін жұмсаулары қажет», – деген пікірімен бөлісті.
Дұрыс-ақ, зерделей қарасақ, кім-кімнің де сөзінің жаны бар. Сіз қалай ойлайсыз, қыз жасауын қалай және қанша қаражатқа апарған орынды?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА